DataLife Engine / Бұл да өткінші

Бұл да өткінші

бай, ғибратты оқиғалар, өлім, кедей, балаларға арналған қызықты оқиғаларБір дәруіш ұзақ жол жүріп бір ауылға келеді. Алдынан шыққандардан қонақтайтын мекен сұрайды. Сонда ауылдықтар Садық деген байға баруын айтады. Дәруіш келе жатып, бірнеше ауылдарға жолығады. Олардың сөздерінен сол жердің ең бай адамы Садық және одан кейінгі бай Шәкір екенін ұғады. Дәруіш Садықтың үйіне қарай беттейді. Өте қонақжайлы Садық келген қонағын жақсы қарсы алып, дастархан жайып күтеді.
     Жолға аттанайын деп жатқанда дәруіш Садыққа үлкен алғысын білдіріп: «Бай-қуатты болғаныңа көп шүкір ет!» десе, Садық: «Әрине шүкір етемін. Бірақ ештеңе мәңгі емес. Бұл да өткінші!»,- деп жауап береді.
Дәруіш жолға шықса да, Садықтың айтқандары есінен кетпейді. Арада бірнеше жыл өткен соң дәруіштің жолы осы елге түседі. Есіне Садық түсіп, жолығып кетуді ұйғарады. Жолда кезіккен адамдардан Садықтың жағдайын сұрай келсе: «Әлгі Садық па? Ол қазір кедей. Шәкірдің қарамағында жұмыс істейді»,- деп жауап береді.
      Дәруіш дереу Шәкірдің үйіне барады. Осыдан үш жыл бұрын сел болып, малдары қырылып, үйі қирап қалған соң Шәкірдің үйінде қызмет етіп жүрген ескі досының қартайып, ескі-құсқы киімдермен жүргенін көреді.
      Бұл жолы Садық дәруішті қарапайым үйшігіне әкеліп, аз-маз азығымен қонақ етіп күтеді. Дәруіш қоштасып бара жатып, дертіне ортақ екенін айтады. Оған Садық: «Уайымдама, бәрі жақсы болады. Ешқашан ұмытпа, бұл да өткінші!»,- деп жауап береді.
      Арада жеті жыл өтіп, осы елге дәруіштің жолы қайта түсіп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шәкір дүниеден озып, мұрагері, туған туысы болмаған соң, бар байлығын сенімді қызметшісі, әрі досы Садыққа тастап кетіпті. Садық Шәкірдің зәулім үйіне, орасан зор алқабына және мыңдаған малдарына ие болыпты.
     Дәруіш ескі досының бұл хәліне қуанышты екенін білдірсе де, «Бұл да өткінші!»,- деген жауап беріпті.
     Арадан біршама жылдар өткен соң, дәруіш Садықты іздейді. Ауылының адамдары оған бір төмпешікті көрсетеді. Ол жерде Садықтың мазары және басына қойылған таста: «Бұл да өткінші!»,- деп жазылған жазуды көреді.
     «Өлімнің несі өткінші?»,- деп ойлайды. Бір жыл өткен соң Садықтың мазарын зиярат етуге тағы келеді. Қараса төбе де, мазар да жоқ екен. Себебі үлкен сел қаптап, төбені шайып кеткен екен.
     Сол жылдары елдің патшасы өзіне ерекше бір жүзік жасатпақшы болады. Қайғылы күндерінде үміт беретін, қуанышты күндерінде масаттандырмайтын жүзік болғанын қалайды. Алдына әкелінген жүзіктер патшаның көңілінен шықпайды. Патшаның уәзірлері әлгі дәруішті іздеп тауып, одан көмек сұрайды. Дәруіш патшаның зергеріне арнайы хат жазып жібереді. Біраз уақыттан кейін жүзік жасалынып, патшаға ұсынылады. Алғашқыда патша оған аса мән бермейді. Өйткені бұл жүзік өте қарапайым болып көрінеді. Үстіндегі жазуына көзі түскен кезде ғана патша біраз ойланып, жүзіне қуаныш ұялай бастайды. Себебі ол жерде:
     «Бұл да өткінші!» деп жазылған еді.

27.01.2021
Вернуться назад