DataLife Engine / Мақсат Дауылбай өлеңдері

Мақсат Дауылбай өлеңдері

   Мақсат Дауылбай – жас ақын, Халықаралық, Республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері. «Самғау» жастар сыйлығының иегері. Қызылорда қаласы әкімінің стипендияты. Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы.

 

 

Бақас тірлік, бабы - шен, бағы - пұл сұм,

Бұлай атқан тірліктің таңы құрсын!..

Мүмкін былай: “Өзеуріп есті біткен,

Жүйрік қалсын! Мәреге жабы кірсін...”

 

,-деген қарғыс тиген бе ғаламға осы?..

О, замана, бейнең де, бағаң да осы...

Қай қорымға көмілді әділдік пен,

Адалдықтың ақ семсер, ақ алмасы?..

 

Кер заман бұл: ері - құл, епсегі - аға,

Ақсақал жоқ, ақыл жоқ... Естен ада!

Сөздерінде дуа жоқ, “уа” кілең,

Қасиетсіз қыз бен ұл, бөскен ана...

 

Кежір қылық, көр өре, теріс пиғыл,

Оңды-солды өтірік өрістей жүр!

Жұтаң кезең: Бітіспес дұшпанды қой,

Достың күні өтпейді керіспей бір...

 

Шекпен жарыс, адамнан тайған арман,

Бұл пиғылды пенделер қайдан алған?..

Естілер жүр жығылып, жылап-сықтап,

Аяқ алып жүре алмай айлалардан!..

 

Құлақтарда бос үндеу, бос ұрандар,

Жастың бәрі жігерсіз, жасығандар!..

Жасамыстың көбісі сұрап алған,

Мағынасыз мақтауға тасығандар...

 

Сұраймыз көп жалғаннан күйді оңаша,

Қайтем Құдай ол күйді сыйламаса -

Өле қалған артықтау кейде маған,

Қабірдегі жалғыздық қинамаса...

 

***

 

Бірер байғұс өлең іздеп, адасып,

Барады əне... шерге толып қарашық.

Қайран Мұқа, тірілер болсаң қайтадан,

Қабіріңнен өлеңіңді ала шық...

 

Түн ортасы... тұңғыйыққа батырды ой,

Өлеңді аяп... қазір құны бақыр ғой...

Көкте қалқып жүрген Ақын шабытын,

Көзімше жұрт көрге сүйреп жатыр ғой...

 

Шабыт кетсе өлең жыртар езуді,

Қиял қояр тар ғаламды кезуді.

Ақын кетсе өлең мəңгі жоғалар,

Өлең кетсе жүрек қояр сезуді...

 

Санама сан санасыздық сияр ед(і)!

Өлеңді жүр танымай жұрт... қиямет...

Біреу үшін ақ парақта өмір тұр,

Қалғаны үшін ақ қағазда сия көк...

 

Сабырымды буындырды төзім кеп,

Ыза-кек боп алаулайды көзімде от!

Оқылмаса Ақын-жетім, өлең-сор,

Жазғырмаңдыр, бұдан артық сөзім жоқ...

 

Пенделерді адастырып құлқыны,

Ақынға айтар қалмай "пай-пай", "шіркіні"...

Қабір қазып, қатым құран түсіріп,

Өлең жерлеп тұрмайықшы бір күні...

 

Дана болсаң осынымның айт емін,

Ақын өлсе өлсін... Хақтың жарлығы!

Өлең өлсе қайтемін?..

 

***

 

Ешкім жоқ, ешкім, ешкім жоқ,

Естінің бәрі ескірмек!

Қол бұлғайтын да ешкім жоқ,

Құбыла тұстан кескін боп!

 

Қиыршық кілең, жоқ асыл!

Айтар да жан жоқ тоба, сыр...

Дертіңе дауа іздесең,

Жарлылар байғұс -  жанашыр,

Пұлдының жүзі - ала, сұр!

 

Атымтай да жоқ, ар да жоқ,

Сүйемейді ешкім самға деп...

Жанымды күн боп жылытар,

Жер-дүниеде қалмады от...

 

Қартының жүзі қуақы,

Шендінің шенеу - шын аты!

Қалталарында шыңғырып,

Шырқырап жатыр кіл ақы...

 

Жалбақайланған адамдар,

Кілең ақылы қадамдар...

Иықтарында алыптың,

Сүмірейіп тұр обалдар!

 

Ғаламның үні - одалар -

Еңіреп жатыр далалар!

Бедірейіп тұр бейіттер,

Едірейіп тұр молалар!

 

***

 

Өткелінде өмірдің тағдырым ба ең кезіккен,

Дәл осылай боларын жарығым - ау сезіп пе ең?..

Жанарымнан жарқыл боп есеме өлең жай керім,

Сол жарқылда жүзі бар Арай ма едің, Ай ма едің?..

 

Ғұмырым ба сар ала сағыныштан тұратын,

Ғажабым - ау ғарыштық, сағым ба еді бір атың?..

Жылата ма бір күйік, жұбата ма бір арман?..

Ол арманды арман деп тағдыр бар ма құп алған?!

 

Ұмытумен келеді ұшпағы жоқ әр күнім,

Саған дейін кезіккен бейнелердің барлығын...

Өткен өмір - өтірік, өзің жоқта өрілген,

Өзің жоқта мына өмір қалай жарық көрінген?..

 

Жақтырмайды - ау адамдар, жаратпайды - ау бұла өңір,

Аңсауменен өте ме аңсары жоқ мына өмір?..

Саған дейін жұлғам ба сар даладан гүлді құр?!

Сағынуға сені енді жетер ме екен бір ғұмыр?..

 

Кетеміз бе біз енді қош демей-ақ қоштасып,

Ақ армандар кете ме аңсаулармен астасып?!

Тілеуім бар Жаратқан, жерге түскен отың ем,

Жүздеспеуден сақташы, өтінемін! Өтінем...

 

***

 

86, желтоқсан:

Қан қатырған қара жел,

Бұғаулы бас, сана көр!..

Тілін, ділін ұмытып,

Боққа батып барады ел!..

 

86, желтоқсан:

Қызылжалау, кеңесқұл,

Өзеуріген өре-ес кіл!..

Айбатынан айрылған,

Айдарынан жел ескір!..

 

86, желтоқсан:

Бақас тірлік, бабы - пұл,

Кемелдіктен кәрі құр!..

Байыпсыздың бағы - шен,

Саналының сабы кір!..

 

86, желтоқсан:

Жалтақ жанар, жалпы үрей,

Жарымес пен жарты кей!..

Ел болуға құлық жоқ -

Парасаттың парқы ғой!..

 

86, желтоқсан:

16 - сы, сейсенбі -

Өзек өртті, күй шерлі!..

Қайрат пенен Ербол ер,

Сабыр күйге сыйса енді!..

 

86, желтоқсан:

Алматының алаңы,

Кісінің көп қарауы!..

Қазақтарды найза боп,

Намыс ертіп барады!..

 

86, желтоқсан:

“Ұлтым” дейді ұрандар,

“Қазақ” дейді қырандар!..

Қансырауда ұларлар,

Шыңғыруда шынарлар!..

 

86, желтоқсан:

Өлген рух тірілген,

Жігер туды іңірден!..

Күш ап, тұрды Қазақтың,

Тізелері бүгілген,

Тілерсектен тілінген!..

 

86, желтоқсан:

Қып-қызыл қар жалаудай,

Сарқұлақта сауалды ой!..

Алматыда барады,

Өрлік оты алаулай!..

 

86, желтоқсан:

Қағаз - қоқыс, қалам - қор,

Таңкы ойнаған жалаң жол!..

Жанын қиды жігерлер,

Жанши-жанши табандар!..

 

86, желтоқсан:

Өлмеген рух, тірі күш,

Алматыда құбылыс!..

Мәскеуде өзек өртеді,

Үш жүздегі ұлық іс!..

 

86, желтоқсан:

Мәскеудегі ой сан-сақта,

Кезіккендей қарсаққа!..

Әбігерге түсірді,

Өлмеген кек қанша оққа!..

 

86, желтоқсан:

Өшті оқылған үкімдер -

Жалалы әрі күпірлі ол!..

Махамбеттің рухын,

Бір тірілткен сықылды ел!..

 

86, желтоқсан:

Бүтінделген мың тіні,

Әуелеген ұлт үні!..

86 мәңгі есте,

Дүр сілкінткен бір түні!..

 

86, 91:

Обалдардың обалы,

Қайтарылған жоқ әлі!..

Қынабында мүлгіді,

Сарқұлақтың танабы!..

 

91-де Құдірет,

Естіді елдің өр-мұңын,

Шейіттердің шер-мұңын!..

Шалқи шапты қарагер,

Жұлқи шапты кер құлын!..

 

91, қыс, желтоқсан:

Сан ғасырлық мұрат - үн,

Бар санада тұратын -

Тәуелсіздік таңы атты,

Қапас түнді жыға күн!..

 

91, қыс, желтоқсан:

Хан Абылай көрмеген,

Патшалы ел жерлеген -

Егемендік орнады,

Енші - есін бермеген!..

 

91, қыс, желтоқсан:

Құла менен ала да,

Ғасырлар бар арада -

Тәуелсіздік жолыңда,

Бәрі-бәрі садаға!..

 

Солай келген бұл күннің,

Қадірін дос, біл құрбым!..

Тәуелсіздік біз үшін,

Тамырын кесті құрдымның!..

 

86, 91 -

Отты жылдар, өр жылдар,

Мұрағаты мол жылдар!..

Санабынан Алаштың,

Жылжыған жыл тоң мұңдар!..

 

86, 91 -

Құрбан болған кешегі ер,

Қаннан құрғап көшелер,

Ерікті алған, есті алған,

Елге қайтқан еселер!..

 

86, 91 -

21 - ге жалын жол,

Құдіретіңе табынды ел!..

1991 -

Мәңгі ұлықтар бағым бол!

19.01.2021
Вернуться назад