DataLife Engine / Туған жерді аңсау

Туған жерді аңсау

Туған жердің сағындым топырағын,
Сағым қуып жүреді жиі жаным.
Қасиетіңнен айналдым мен туған жер,
Маңдайыма бұйырған алтын бағым.

Алтын бағым, арайлы алтын таңым!
Шуағы мол қашанда от құшағың.
Арман бар ма сенде өсіп, бой түзеген,
Тең келмейтін ешнәрсе жер жұмағым.

Жер шарында, рас, жұмақ екенің,
«Қаратаудың» бойлап жатқан етегін...
Шапағатын бөлеп төккен шахарым,
Махаббатым қалып кеткен мекенім.

Жұпары аңқып, жусаны тамсандырған,
Сұлулығы көз тоймас жайсаңым.
Сенде сіңген қасиет тал бойыма,
Орта жарып талайды тамсандырдым.

Теңеуі жоқ ешқандай бір өзіне,
Туған жерге бар байлық тең келер ме?
Сонда туып сонда өскен жайсаң талай,
Ағайынның жетпейді-ау пейіліне.

Бар жақсының қадірлі мекеніне,
Тең келмейді Дубай, Лондон, Парижіңде.
Тамсандырған талайды иіссуың-
Жетпейді екен жусанның иісіне.

Дархан далам дертіме өзің дауасың,
Сен жазушы ең жанымның бар жарасын...
«Еңбекшімді» есім кетіп аңсаймын,
Аңқам кеуіп сағынамын ауасын.

Өкпеледік Сенен көшкен бауырға,
Мені қимай, сендік жүрек ауырды,ә
Жеткізер ме сағынышты мендегі,
Сары автобус қатынайтын ауылға.

Балалық шақ... Бас ауыртпай басқаға,
Тәтті естелік, тамаша сәт - «таспада».
...Собық жедік, жиде тердік ауладан,
Қауын, қарбыз, жүгері өсті бақшада.

Желін, шөбін, бәрін, бәрін сүйемін,
Сол – бақытты, бол ауылға ие кім...
«Тарақтылар» тұратұғын топырақ,
Талаптыға қанат берген Киелім.

Естелігім еске салды талайды,
Әр бұрышы түрткілейді әр ойды.
Ата-анам, масадан да қорғаштап,
Түтіндетіп қоюшы еді маңайды.

Шаң шығарып шаршағанға қарамай
Ойнаушы едік арық бойын жағалай.
Көңге піскен табадағы нанның да,
Иісі келіп... Кемсеңдедім баладай.

Сонда осылай сағынумен өтем бе.
Дәл мендей боп мұңая ма Шешем де
...Білесіз бе, жер бетінің жәннаты,
Біздің ауыл қоныс тепкен мекенде!

Өткеніме көпір іздеп мен неше,
Адастым ба, неге аңсаймын ендеше...
«Еңбекшіде» ешкім күтіп алмайды,
Мола жақтан Әкем шығып келмесе...

Тәтті естелік.Талайы ойға келіп...
Бақытты едік, алаңсыз ойнап едік...
«Қарасан келгір» қара сиырды да,
Қарғап, таңда өріске айдап едік.

Еңбекшінің жұтып па ең таңғы ауасын,
Барып көр, қасиетіне таң қаласың.
...Ауылда ауырып қалған адамдардың,
«Алтын апа-ақ» жазушы еді жан жарасын.

Сөзбенен жеткізсем бе ғажабыңды-ай
Бірлігіңмен, туған жер, базарың бай,
Жаңа күнін жайнатып жіберетін,
Жарқыраған сол күннің ажарындай.

«Тарақтылар» тұратын жұрты мықты,
Біздің ауыл бүгінде құлпырыпты...
Ертеректе біз көшіп кеттік Сенен
Сол теректе түбінен қырқылыпты.

Ол жақтың ыстық жазы, көктемі де,
Ол жақтың сұлу тауы, бөктері де,
...Күнде енеді түсіме өз ауылым,
Түнде мені сабылтып өткеніме.

Сағынтып, Еңбекшінің сәлемі боп...
«Өзім еккен бақшамның дәмі еді»,-деп
Әкем жұлып әкелген әңгелекті,
Анам тіліп береді әдемілеп.

Айналып кеткенменен бәрі «аңызға»,
Сағыныш жаңғыртады санамызда.
Түйнек алма тұз қосып талай жеген
Кәмек қауын... Оның да дәмі ауызда.

Сағыну – сенен қалған сыйым ба еді?
Түстегі меңзейді екен түйін нені?
...Мектепке бара жатам сөмке асынып,
Үстімде ылғи әпкем киімдері.

Сағынып не жабығып өтем мейлің
Өз ойымша мен Сенде мекендеймін.
Еңбекшім енген күні түнде түске,
Мені ешкім оятпаса екен деймін.

 

Арайлым Байдилда

19.01.2021
Вернуться назад