Айқын бағдар алға басудың кепілі

Айқын бағдар алға басудың кепілі казакша Айқын бағдар алға басудың кепілі на казахском языке

Қазіргі кезеңде жаңа білім түсінігінде, өмір бойы білім алу қағидасының маңызы артып отыр. Бірақ осындай бағдарды бастапқыдан, толассыз, ешқандай ауытқусыз ұстаным ретінде қолданып келген дара тұлға, бірнеше іліммен, тілді меңгерген, ұйымдастырушылқ пен үйлестірудің шебері, аудиторияны өзіне тән сиқырлықпен баурап алатын ұстаз, Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұловтың, мерейтойын білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультеті ерекше атап өткелі отыр. Кеңестік дәуірдегі тарих ғылымындағы конъюнктурлікке қарамастан, ғылыми ортаны мойындата білген, оның тұлға ретінде қалыптасу жолы арқылы, тарих ғылымының дамуы мен дағдарысын айшықтауға болады.
Айқын бағдар алға басудың кепіліТарихи білімнің қоғамдық маңызы әлеуметтік және уақыт кеңістігіндегі адамның өмірлік бағдарын, азаматтық қоғамға тиесілі сыни ойлайтын тұлғаны қалыптастыратыны белгілі. Қазақстанның іргесі бөлек ел болу жолының бастапқы кезеңдерінде, Республиканың көшбасшы университетінің маңызды идеологиялық тарих факультетінің деканы қызметін атқарғантұсы, бүгінде түрлі салада жүрген түлектер жадысында өшпейді. 1989 жылы қабылданғандар үшін, алғашқы факультет деканымен танысуда, сыртқы пішінін қазақ эпосының кейіпкеріне ұқсатсақ, сөз саптауы мен бірнеше тілде ойын жетік жеткізуі, алдымызда дара тұлғаның тұрғанын аңғартты. Алғашқыдан іргелі (фундаментальный) білім мен ғылым саласының іргетасын қалайтындарға қандай талап қойылатынын нақты түсіндірді. Нағыз ұстаз шәкіртін өзіне ұқсатудан алшақ, бірақ қандай болуды бағыттайтын адам. Осы қасиетті бойына жинақтай білген тұлғаның шәкірттері ретінде біраз белестерді асырдық.
Кәсіби білім алуды жеке тұлғаның қалыптасу үдерісінен бөліп қарау мүмкін емес. Жеке тұлғаның сомдалуында ортада беделді индивид, дара тұлғаның болуы шарт. Тұлғаға бағдар ұстануды нақты білетін, факультет басшысы Қалқаман Тұрсынұлы, сол жылдардағы қоғамдық сұранысқа сәйкес тарихшыларды даярлау миссиясын жүйелі үйлестіре білді. Тарихты әлеуметтік-гуманитарлық бағытта география, құқық, экономикамен ұштастырып жаңа мамандықтардың ашылуын жүзеге асырды. Нәтижесінде, тарихшылардың пәнаралық байланыстағы зерттеуі, кәсіби маман ретінде қызмет аясын кеңейтті. Қалқаман Тұрсынұлы ұсынған осы бастамасының өміршеңдігін, мамандықтарға қойылып отырған қазіргі талаптар көрсете алады.
Қоғамдағы адамның мәнін ашатын құбылыс - даралык, жеке адамның ұстанымы. Даралықтың сипаты кеңестіктің сол нүктесінде, уақыттың сол мезетінде қайталанбайтын тұлғаның тұтас мінезінің жиынтығы. Қалқаман Тұрсынұлы тарихи ортада халықаралық деңгейде өз орнын алған ғалым болса, ілгері топ үшін ол заманымыздың дара тұлғасы. Дара тұлға ретінде азаматтық жауапкершілік, әлеуметтік белсенділік пен шынайы зиялылықты, өзгелерге баға беруді емес, бағалай білуді, жаңа құндылықтар мен шығармашылық ізденістерді, дұрыс шешіммен, айқын бағдар алу қабілеттілігін шәкірттеріне дарыта білген ұстаз мәртебесінің қашанда өзекті болатынын түсінуіміз қажет.

Aвторы: Телеуова Эльмира, ҚазҰУ-дың
Қазақстан тарихы кафедрасының доценті
Мақала тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Жұмағұлов Қалқаман Тұрсынұлының
70 жылдық мерейтойына арналады