Ерліктің белгісіндей ару-ғұмыр

... Авторы есімде жоқ. ұмытпасам «Жас алаш» газетінен ғой деймін, «Мәңгілікке ұмтылған тоғыз тырна» деп аталатын мақаланы оқығам... Ресей елінің Самара облысындағы Үлкен Киннель өзенінің жанындағы тік жарқабақ пен сол жарқабақтың үстінде орнатылған солдат Анасы мен оның тоғыз перзентінің құрметіне қойылған керемет ескерткіш бар екен. Мақаланы оқыдым, ескерткішті көрдім де, қайран қалдым, қараптан-қарап көзіме жас тығылды. Өмір бойы күйеуі мен балаларының тілеушісі болып келген қайран Ана жүрегі ғұмыр бойы күткен үмітінің бір-ақ сәтте тасқа айналғанын көтере алмады ма, әлде барлық аналық мейірімін соғыс ұрлаған қатыгез тағдырына налыды ма соңғы –«қара қағаз» келген күні бұл өмірден жүріп кетіпті. Сол анаға, ерліктің Анасына қойылған ескерткіш сонау көкжиекке – балалары кеткен жаққа сол күйі қалт етпестен қарап тұр. Кеудесі шыраққа, жанары үмітке толы, келбетінде арманын сағынышқа суарған мұң бар секілденеді. Өз халқына деген шексіз махаббаттан тұратын төзім арқалағандай...
Ана мүсінінің үстімен мәңгілікке ұмтылған тоғыз тырна әлдеқайда тыраулап ұшып бара жатыр... Ана, қашан да Ана! Орыс солдаты Анасының жүрегіндегі асыл арманы, бойындағы ерлігі мұңы бір барлық Аналардың мұратымен астасып жатты. Қайнаған еңбек даласында жаулығы желбіреп, әлсін-әлсін көкжиекке көз тастап, бұлдыраған сағым арасынан қараңдаған сұлба іздеп үміттенген Аналардың бел қайысар қасіретін шертіп тарих беттері қан жылайды. Осы мақаланы оқи отырып, зілмауыр қасіретті, қайғыны нәзік иығымен арқалай білген қазақ әйелі,
«Бала дәурен өтті ғой құйындаған,
Балы менен шекері бұйырмаған», деп жылай жүріп, көкелерін сағына жүріп ержеткен соғыс жылдарындағы балалар, рухын құлатпаған, жігерлері жасымаған, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен аталарымыздың ерліктерін еске түсірдім, түсірдім де «өзім жығылсам жығылайын, бірақ халқымның туы жығылмасыншы» деп өзін құрбандыққа шалған бабаларымыздың бүгінгі ұрпағының атынан бас иіп, тағзым еттім.......
Шығармалар
Толық