Жаман туралы Мақал-мәтелдер ✍️

Ілмек бойынша іздеу:

Басқа: 1
Мақал-мәтелдер: 393
Тақпақтар: 4
Өлеңдер: 69
Жаңылтпаштар: 2
Нақыл сөздер: 93
Туындылар: 1
Әңгімелер: 7
Шығармалар: 1
Аңыздар: 1

Жақсыны көріп,
Пікір ет,
Жаманды көріп,
Шүкір ет.
Жақсымен жанассаң
Атаққа ілінерсің.
Жаманмен жанассаң
Шатаққа ілігерсің.
Асыл туған адамның
Алтын жетпес нарқы бар.
Жақсы менен жаманның
Аспан мен жердей парқы бар.
Жақсының басына іс түссе,
Отбасына білдірмейді.
Жаманның басына іс түссе,
Отбасын күлдірмейді.
Жаманды көрмей,
Жақсыны танымайсың.
Жақсы әйел ер көңілін өсіреді,
Жаман әйел ер отын өшіреді.
Жаманға қол бергенше
Жақсыға жол бер.
Жақсы кісі сырқаттанса,
Көңілін сұрар ағайын.
Жаман кісі сырқаттанса,
Жан баспайды маңайын.
Екі жақсы қосылса,
Қыл өтпейді арадан.
Екі жаман қосылса,
Қол кетпейді жағадан.
Жақсының жақсылығын айт,
Мейірі тассын,
Жаманның жамандығын айт,
Құты қашсын.
Жақсы көпке зейнет,
Жаман көпке бейнет.
Жақсы бала — жансақ,
Жаман бала — малсақ.
Жаман өле жейді,
Жақсы бөле жейді.
Жаманға жүзің салма,
Малды екен деп.
Жақсыдан күдер үзбе,
Жарлы екен деп.
Жақсы адам жолына
Жол азық қалдырады.
Жаман адам жолыңа
Ор қазып қалдырады.
Жаман адам кетсе,
Дүние кеңіп қалғандай болады.
Жақсы адам кетсе,
Дүние кеміп қалғандай болады.
Жаманға — таяқ,
Жақсыға — ишарат.
Жақсы жігіт
Ағайынның басын қосады.
Жаман жігіт
Жақсы ағаның жолын тосады.
Жақсыға барсаң —
Жазылып қайтарсың.
Жаманға барсаң —
Жабығып қайтарсың.
Жақсыны айтып,
Жаманды таяп қой.
Жақсының сағы сынғанша,
Жаманның жағы сынсын.
Жақсы болса дуана,
Алдынан шық құп ала.
Жаман болса дуана,
Ит айтақтап қуала.
Жақсы болса балаңды
Жанарым де — көзімнің.
Жаман болса балаңды
«Жаманым» де өзімнің.
Екі жақсы қосылса,
Ай мен күндей жарасар.
Екі жаман қосылса,
Ырылдасар, таласар.
Жақсы сыйлағанының құлы,
Жаман қорыққанының құлы.