Дәуір туралы Мақал-мәтелдер ✍️

Ілмек бойынша іздеу:

Мақал-мәтелдер: 28
Өлеңдер: 16
Нақыл сөздер: 5
Әңгімелер: 2
Поэмалар: 1

Әділ бидің өлгені —
Сөзінің болса жалғаны,
Ғұламаның өлгені —
Болмаса тәлім алғаны.
Көзбен көргенді
Құлақпен есіткен жеңген.
Алмақтың да алмағы бар,
Ат көтере алмас салмағы бар.
Ханды құдай ұрғаны,
Халқымен жау болғаны.
Биді құдай ұрғаны,
Билігі дау болғаны.
Төбе би де өзіміз,
Төре би де өзіміз.
Қисық болса сөзіңіз,
Құрулы тұр тезіміз.
Біткен іске сыншы көп,
Піскен асқа жеуші көп.
Есіткен құлақта жазық жоқ
Иілген басты қылыш кеспес.
Туғанына бұрғаны —
Биді құдай ұрғаны.
Әулекі би
Ат үстінен билік айтар.
Би екеу болса,
Дау төртеу.
Тура биде туған жоқ,
Туғанды биде иман жоқ.
Төренің тілі тәтті,
Діні қатты.
Айырдан туған жампоз бар,
Нар емес десең нанғысыз,
Қарадан туған жігіт бар,
Ханға күнін салғысыз.
Ханның қызы шөміш ұстаса,
Қолы жауыр болады.
Көп толқыса — хан құлайды,
Көл толқыса — жар құлайды.
Хан халықтан үлкен емес.
Басыңа іс түссе:
Бекке барма, көпке бар,
Бек беліңді сындырады,
Көп ісіңді тындырады.
Ханның ісі қараға түседі,
Бидің ісі параға түседі.
Хан сарайы демесең,
Қатын өсек қаптаған.
Қошеметшіл қу өңшең
Ханды ғана мақтаған.
Ойында өрелік жоқ,
Ханында төрелік жоқ.
Хан көп болса — жау көп,
Би көп болса — дау көп.
Хан — қарақшы,
Халық — сарапшы.
Қойды құртаң бүлдіреді,
Елді сұлтан бүлдіреді.
Кілемге бергісіз алаша бар,
Ханға бергісіз қараша бар.