Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Есі шыққан елге күледі.
Өнерлі елдің —оты сөнбес.
Жыртық жерді жел табар,
Шын бақытты ел табар.
Елге дұшпан жерге сыймас,
Жерге дұшпан елге сыймас.
Тау мен тасты су бұзар,
Ел арасын қу бұзар.
Кереге бойы қар жауса да,
Жұтамайды сауысқан.
Қанды қалпақ кисе де,
Қиыспайды туысқан.
Есі кеткеннен ем сұрама,
Есіріктен жөн сұрама.
Өнер-білім — ер қанаты.
Еліңді тастап шетке кетпе,
Шетке кетсең де, көпке кетпе.
Халқына тартпағанның
Қары сынсын.
Көпке жақын — көкке жақын.
Көп жаңылса, көнеден сұра,
Көне жаңылса, көргендіден сұра.
Халқым — қазынам, қазаным,
Туғаным — туырлығым.
Екі тау қосылмайды,
Екі ел қосылады.
Жігіті жүзге жеткен елді
Жүзі қара кемітеді.
Жұт жеті ағайынды,
Жиенмен сегіз ағайынды.
Басшысы жоқ ел жетім,
Балығы жоқ көл жетім.
Ел қонысын тапса,
Ер ырысын табады.
Өзбек байыса там салар,
Қазақ байыса, қатын алар.
Омарталы бал жалар,
Қанжарлы қан жалар.
Жақсылық қылсаң халыққа,
Бір қайырымын аларсың.
Жамандық қылсаң халыққа,
Жапанда жалғыз қаларсың.
Елдің күші — селдің күші.
Көп жүрген, жер таниды,
Көп қыдырған, ел таниды.
Елсізде ит те жолдас.
Шындықтың шырағы сөнбейді.