Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  92


Автор: Мыңбай Рәш

ЕҢБЕК ЕРІ РАХАҢ

Ебінің желі тынбайды-ақ,
Шатырды ала қашқандай.
Ызыңдай ұлып, құмды айдап
Айнала үрей шашқандай.
Ағаштар қайда тырбиған?
Жоғалған тоқал тамдар да...
Жақұттай жайнап нұр құйған
Самсайды шіркін шамдар да.
Омар қарт шомған қиялға,
О баста сәл-пәл жабырқап,
Сағынған сәтін тыя алмай,
Қарайды ұзақ таңырқап.
Алакөл анау шалқыған,
Толқыны асау қарғылап.
Нуынан жұпар аңқыған
Ауылы жатыр – «Жарбұлақ».
...Бытырасындай аңшының,
Әр жерде бірден шашылып.
Жататын үйі малшының
Жыртығын бітеп жасырып.
О баста қилы тағдыры,
Төрт колхоз бөлек түндігі.
Бір совхоз болды барлығы
«Жарбұлақ» – аты ендігі.
Басынан бастап жасырмай
Айтайын, досым, құлақ түр.
Ол кезде бүкіл ауданда
Болатын төрт-ақ трактор.
Телефон дейсіз, әуелі,
Машина кірмес қиялға.
Совхозға сол бір мәуелі
Жетуің қиын қиянда.
Ауданды басқарған едім,
Көлігім болған қасқа атым.
Қанбайтын ұйқым жан едім,
Міндетім мол-ақ, мақсатым...
Қаңтардан бастап қайталап,
Бозторғай әнін салғанша.
Болатын жабық бұл алап
Ат ізін салып барғанша.
Жол шықкан пенде оралмай,
«Сайранын» боран салатын.
«Барсакелмес» аралдай
«Жарбұлақ» таса қалатын.
Көктемде батып батпаққа,
Кіретін көзге жазда құм.
Ат екеш кейде ат жоқта
Жаяулап өле жаздағам...
Мақаншы менен Жарбұлақ,
Шалғай да шалғай арасы.
Жолаушы шаршап, қалжырап
Қашатын әбден мазасы.
* * *
– Анау не? – дейді Омекең.
Мектеп кой биік еңсесі.
Жарайды, онда жөн екен.
Ал анау совхоз кеңсесі.
Анау не? – дейді ол тағы да.
– Емхана... дүкен... асхана...
Тұнып тұр жасыл бағына
Тізілген үйлер – баспана.
Мәдениет үйін де,
Көрерсің көппен кешкісін.
Шалқыған ән мен күйін де
Көзіңмен көріп, естірсің...
Омекең көншіп көңілі:
– Жарайсың, – дейді, – Рахаң.
Таппайтын тыным өмірі
Басшыны сендей ұнатам!..
Жарбұлақ қамыс, ши басқан
Томаға тұйық жер еді.
Еңбекті ерен тыймастан
Түлеткен адам – ер еді.
Омекең тым-ақ көңілді,
Көсіле және сөйледі.
Ғажайып көріп өңірді
Есіле және сөйледі.
– Жасампаздарым жарайсың,
Жайнапты ғажап заманың.
Раха, қалай қарайсың
Бірі сен батыр адамның.
Рахаң тұрды жымиып:
– Мен емес, көп қой – халық қой.
– Жасадың шөлден жерұйық
Еңбегің ерен, танып қой...
Ширығып ширек ғасырда,
Барладың өмір астарын.
Отызға келген жасыңда
Совхозды өзің басқардың.
Омыраудағы жұлдызың,
Куәсі ерлік емес пе?!
Өркендеп өсті ұл-қызың
Жалындап жаңа белесте.
Желікпе, желі ебінің,
Жоталарынан Жоңғардың.
Шуақты шағын елімнің
Жарбұлағымнан аңғардым.
Тентек жел, жетер, жұлқынба,
Ақтүтек дауыл, борандар...
Адасқан ауыл сыртында
Кездерім ойға оралар...
Қиялмен ұшқыр тағы да
Қарайды солай Омекең.
Шуы мол жастық шағында
Ол жүрген жолдар мол екен.
Басшысыменен бірге өсіп,
Миллион болған қой саны.
Рахаңды жұрты деп кетті:
– Жарбұлақтың ер жайсаңы!
* * *
Бәрін де мынау көз көрген,
Біржола жүйе өзгерген.
Қамшы сап қысқа ғұмырды
Тартқандай мезгіл «безбенмен».
...Кешегі совхоз көпке аян,
Атанды ауылы – Қабанбай.
Қалаға зытты жастары
Күнкөріс жолын таба алмай.
Мыңғырған мал да кешегі,
Азайып кетті жеті есе.
«Қотырын қасып» өзді-өзі,
Атанды шарда жекеше.
– Шөбі жоқ жеуге дейді шал, –
Малымыз шеттен арық! – деп.
Қиындау боп тұр біздің хал –
Ауылға оқыс нарық кеп!
– Талаптанғанға нұр жауар –
Деп қояр оған Рахаң.
Маңдай тер төксең – ол тауар,
Куә дер оған мына таң...
Қайсыбір жазғы айларда,
Теңіздің суын талшықтар.
Теңге боп жатыр қойлар да,
Балық та, қара балшықтар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу