Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  106


Автор: Мыңбай Рәш

ШЫҢДАҒЫ ШАЙҚАС

I
Кавказдың сонау төрінде
Кеудесі қармен құрсанып,
Шаншылып заңғар көгіне
Шыңдары киген мұз сауыт.
Түйдектеп көшкен тұманы,
Көз байлап қарлы бораны.
Эльбрус асқақ тұр, әне,
Етекте – салқын самалы.
Қойнауы құт боп тұрғаны,
Қонақтап қыс пен жаз қайтып.
Лермонтовтың мұңдарын,
Бергендей бейне бізге айтып.
Жанымен жырлап отанын,
Дақ салмай кеткен атына,
Жаһанкез ақын Шотаның,
Шерткендей махаббатын да.
Эльбрус!
Орның осы деп
Табиғат басқан мөріндей,
Ақынға шабыт қонсын деп,
Сайлаған төсек-төріндей.
Ғасырлар қарап тамсанған,
Шыңың бар шалқар көңілдей.
Талайлар арнап ән салған
Эльбрус –
Тірлік, өмірдей!
Әр шоқың сауыт киінген,
Саптағы сарбаз,
Шерудей.
Қабағың қырау түйілген –
Хас батыр тұрған жеңілмей.
Эльбрус – Кавказ анаңның
Шаншыла шыққан анары.
Эльбрус жанын адамның
Шалғайдан баурап алады.
О, Эльбрус, сайрап бер,
Сыр сандық сынды – әр тасың!
Шыңыңдай шырқау, айбат бер,
Құштарым бір сәт тарқасын.
О, Эльбрус, сені мен
Неге екен, сірә, теңесем?
Байқоңырдың төрінен –
Ғарышқа кетер кеме сен!
Болмаса егер дос иең
Жат қолға ноқта салғызбас.
Такаппар саған бас ием,
Эльбрус – қамал алғызбас!
Өлім мен өмір егескен,
Алапат со бір шайқасқа
Эльбрус, куә емес пе ең,
Куә ғой әрбір сай, тас та.
Табиғат сені жаратқан
Тілсіз ғып, оған дауаң жоқ.
Сол шайқас...
Сол күн боратқан...
Айтпасқа менің шамам жоқ...
Эльбрус тұрар мұнартып
Ақ бұлттан алқа тағынып.
Көруге дәйім құмартып
Келемін саған сағынып.
Шыңыңда болған шайқастың,
Жұмбағын жайып тастайын.
Ұрпақтар барлап, байқасын,
Куә ғып Кавказ аспанын!
II
Желтоқсан еді. Жер мен көк
Тұтасып боран бұрқаған
Толастап қалған...
Ербеңдеп
Көрінген кімдер қырқадан?
Қасқыр құлақ дүрдиген
Қаражон иттер абалап.
Эльбрусқа қарап дүрбімен,
Жылжыды жаулар жағалап.
Елемей суық, боранды
Ентелей қаптап өшігіп.
Орнынан тауды біржола
Жіберердей-ақ көшіріп.
Эльбрус тұрды тәкаппар,
Бұлттардан асқақ көрініп.
Желіккен фашист қанқұмар
Жотаға шықты емініп.
«Құлдық ұр бәрің фюрерге,
Жалауын Германияның
Шыңдарға биік тігуге
Барыңдар!.. Бар! Бар!
Бұйырамын!» –
Шыныкөз Гитлер көпіріп,
Берлинде бөсіп неше антын.
Кавказға солай лепіріп,
Түсірген таушыл десантын.
Қадамақ фашист жалауын,
Топ атын: «Эдельвейс» деп.
Шүйірді Гитлер танауын
Шығуға шыңға тиіс деп.
Жымысқы ойын жаулардың,
Білетін біздің ерлер де,
Сырына қанық таулардың
Шыңдалған шығып өрлерге.
...Қасқыр құлақ дүрдиген
Қаражон иттер абалап.
Қарайлап жиі дүрбімен
Келеді жаулар жағалап.
Қарайды суық жүздері,
Қалардай мәңгі мекендеп.
Қанталап алған көздері –
Қалайда шыңға жетем деп.
– Альпіден оңай асқанмын,
Кавказдың тауы сөз бе екен.
Мен барда ешкім саспағын
Бастаймын өзім. Тез жетем! –
Деп бөсті фриц сорайған,
Тырысып маңдай терісі.
Құйылды тер де самайдан,
Мұжылып тасқа кебісі.
Арқалап қару, оғын да
Жол кеспес ешкім дегендей.
Шұбаған иттің соңында,
Жылжыды жаулар бөгелмей.
Эльбрус тұрды тәкаппар,
Көрініп бірде көрінбей.
Желіккен жаулар ынтызар,
Жотадан асты шерулей.
Эльбрус тұрды мұнартып,
Көрініп бірде көрінбей.
Аяғың тайса,
шынар тік –
Ажалдың қазған көріндей!
Артына жаулар қарамай,
Таң ата шығып ертерек,
Қияны құзар жағалай,
Келеді басып ентелеп.
Ақ ұлпа қардан жамылған,
Айғыздап мамық көрпесін.
Ит башпай, жат із сабылған
Таптамақ Кавказ өркешін.
Шынымен өңшең найсапқа
Жан жоқ па, сірә,
– Тоқта! – дер.
Деген бір сауал қойсақ па
Қорғайтын шыңын жоқ па ер?
Қасқыр құлақ дүрдиген,
Қаражон иттер абалап.
Қарайлап жиі дүрбімен,
Келеді жаулар жағалап.
III
– Грузин. Атым – Теймураз,
Курсеви атты қыстақтан.
Сөз қысқа, қалды уақыт аз,
Бұйрық бар төтен – штабтан!
Жетекші етіп сендерге
Әдейі мені жіберді, –
Мойыл мұрт грузин деп-демде
Сөйледі шапшаң жігерлі.
Командирден талайлар,
Үнсіз-ақ көп жәй ұққандай.
Шайқасты жойқын абайлар
Жау туын тікпей...
жыққандай.
– Өтінем, жолдас командир,
Айтқаным үшін ғафу ет!
Шығуға шыңды маған бер,
Қазақпын. Атым – Ахмет!
Есіме түсіп кеткені
Алатау, – деді Ахмет.
Мен шықпаған беткейі
Қалмаған.
Көп шың асып ек.
Есіме түсіп кеткені
Құзар шың...
Тянь-Шань,
Памир де.
Мен шықпаған беткейі
Жоқ шығар, сірә, тегінде.
Жетім қап сәби кезімнен,
Балалар үйі – болды анам.
Топжарған
160
Студент кездің өзінен
Жаныммен қалап, таңданған –
Альпинист еді арманым,
Биіктің алған талайын,
Өзімді соған арнадым,
Шығуға шыңға барайын.
– Альпинист? Ғажап, Ғажап бұл! –
Теймураз кетті қуанып –
Ал, батыры қазақтың,
Қиынға белді буалық!..
* * *
От шашып ойлы көздері,
Белгілеп жорық жолдарын.
Ерлікке сілтеп сөздері
Теймураз айтты жол қамын.
– Эльбрусқа қадау үшін! – деп,
Келеді дұшпан ту алып,
Шоқ тастап жаудын, ішіне,
Шыңға біз бұрын шығалық.
Теймураз солай ой тастап,
Отанның гербі салынған
Туды алып шықты ойқастап,
Аумаған қызыл жалыннан.
Төгіліп жібек шашағы,
Айқасып алтын балға-орақ.
Жүрекке нұрын шашады,
Бергендей жігер «Алға!» лап.
– Ахмет! Туды ал орап,
Шыққанда биік ыңғайлы.
Үстінен шыңның балға-орақ,
Желбіреп әлі-ақ тулайды!
– Командир жолдас, рахмет,
Бұл – маған борыш ардақты! –
Деп қойды сонда Ахмет
Сеніммен, үнмен салмақты.
Жиналып өңкей ержүрек,
Жасырын солай асығыс,
Ақ жаппа жасап қар күреп,
Жау жолын тосты осы қыс...
Күн өтті
Жылжып өтті апта.
Әзірше ешбір жоқ сыбыс.
Хабаршы келді-ау біруақта:
– Қалмаңдар, ал,– деп,– қапылыс!..
Ақ түтек соғып боран да
Бұрқайды көзді қаратпай,
Ертемен елең-алаңда
Тұр еді еркін таң атпай.
Шалғайдан шаң-шұң абалап,
Иттердің үні шыққаны...
– Жұмсаңдар оқты шамалап,
Таясын. Тұрма, бұқ, кәні!..
Қорған боп шыңның етегі
Жасады ерлер тосқауыл.
Қай тұстан олар өтеді?
Сазайын тартсын тасбауыр!
Дегенше... әне таянып,
Келіп-ақ қапты жау тобы.
Жатқан жоқ әсте аянып
Жаңбырдай бірден жауды оғы.
Кешікпей тағы екі жақ
Бетпе-бет келіп шайқасты.
Атылған оқтар шыңылдап
У да-шу етті тау-тасты.
Автомат «тыр-тыр» етеді,
Жаңбырша оғын жаудырып,
Серейе құлап кетеді –
Біртіндеп жатыр жау құрып.
– Бұйырам... дереу... Ахмет,
Қолыңа біздің туды алып
Тез, жаудан бұрын шыңға жет,
Бөгейік жолын біз қалып! –
Жгенти болсын серігің,
Шыңда ту тұрсын желбіреп.
Болса да пида өмірің,
Жолатпа жауды... Тезірек!!!
Грузин, қазақ ойқастап,
Отанның гербі салынған
Туды алып шықты қайтпастан,
Аумаған қызыл жалыннан.
IV
Граната тастаңдар!..
Бұйырды қату командир.
Бұрқ етіп қар, тас аспанға,
Көшкендей болды әлем бір.
Шаңда-шұң үдеп сақылдап
Атылған сансыз автомат
Тастарға шақ-шұқ шақылдап
Құлақты бітер қат-қабат.
Қос жаумен қоса тырайып,
Қыңсылап, тісі ақсиып.
Жаралы иттер бұралып,
Көздері жатыр бақшиып.
Кейбірі жаудың шайқасып,
Кейбірі шыңға бет алған...
Біткенше демі айқасып,
Бізден де мерт боп не тарлан!
Қаза боп кетті не тарлан
Ар үшін жаумен айқаста.
Тобыры жаудың, бет алған
Шығуға шыңға байқастап.
– Ажалды қарға,
Сыбағаң...
Деп атып салды Теймураз.
Біреуі таста тырбанған
Құлады төмен –
Тұрды да аз...
Қолынан жаудың жалауды ап,
Ұмтылды және біреуі.
Шыңғырып
Ол да домалап
Шыңырауға құлап күйреді.
Биікте фашист алқына
Басқанда аяқ жан дәрмен.
Ахмет алып алқымнан
Лақтырды доптай пәрменмен!
Жгенти оқыс ұшты оққа:
– Теймураз!
Хош... – деп, – Ахмет!..
– Жете алмай қиын-қыспақта
Кешіктім!
Оған ғафу ет!...
Теймураздың саусағы
Кірпігін жапты досының.
– Қанқұйлы жауың қаусады,
Хош, Жгенти, хош, інім!
Тасадан атқан оқтардан –
Жаралы ауыр екі ер де.
Туды алып шыңға оқталған,
Мақсат ше? Бекер кетер ме?!
Келеді грузин – Теймураз,
Келеді қазақ – Ахмет.
Бұл жерде жаудың өмірі аз
Эльбрус – жауға ақырет!
Қадады туды екі дос
Желбіреп нарттай балға-орақ,
Көз тастап десті көңіл хош:
– Қайдасың достар?
Ал қарап!
Теймураз ауыр жаралы
Көз жұмды жауын жастанып.
Ахмет туға қарады
Жанардан ыстық жас тамып.
Мерт болды солай дос бауыр,
Үлгірмей әттең, қоштасып,
Қойылды қатар қос қабір
Мәңгілік үстін тас басып.
Жо... жо... жоқ, әсте батырлар
Өлмейді!
Олар өлмейді!
Ғажайып ерлік – сөнбейді,
Өлді деп ешкім сенбейді!
Өздері шығып қос тарлан,
Шыңның түу шынар басына,
Жеңіс күн
Жарқын тосты алдан
Ерлігі аян ғасырға.
Елінің туы желбіреп,
Қолымен достар қадалған.
Перзенттер көксеп келді деп
Эльбрус та бейне құп алған.
Сейіліп сол сәт тұман да,
Шыға бір келді күн жайнап.
Эльбрус асқақ тұрғанда
Жеңілмей жауға болды айғақ!
* * *
...Эльбрус тұрар мұнартып,
Көрініп бірде көрінбей.
Қарайды туға құмартып,
Жас ұрпақ шыққан шерулей.
Ғасырлар солай тұрғаны;
Қонақтап қыс пен күз қайтып.
Ту тіккен достар сырларын
Бергендей енді бізге айтып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу