Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  114


Автор: Мыңбай Рәш

ШЕГЕ ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ

Япырау, неге жасырып
Қолдарын екі қалтаға,
Қандай ой өңін қашырып
Қарайды мұңды қарт адам?
Жігіндей жердің әжімі
Тереңдеп, ойға шомады.
Пәк жаны неден қажыды?
Қысты әлде қыстың бораны?
Кірпігі шыққа шыланды,
Жабырқау көздің, жасы ма?
Әзірше жұмбақ бұл әлі,
Өзінің аян басына.
Менің де нәзік жанымды
Бір сезім билеп ойменен,
Сәлемдесе кеп жанына,
Сұрадым халін жайменен.
Ұйытқып баяу тұрған-ды
Үйреншік жаяу бұрқасын.
Ұлпа қар басқан бар маңды,
Жоқ суық. Қалай қорқасың?
Алды да ауыр күрсініп,
Ағытты сырын қарт адам:
«Тәлкегі ауыр тіршілік
Сыйлаған ғұмыр қайтадан...».
Қарияның сол сәт көзіне
Сұрапыл соғыс елестеп,
Оранды ауыр сезімге...
...Қақаған каңтар, белес көп...
Түн еді тастай қараңғы,
Аттандық қанды майданға.
Бір ұшақ ұшып барады,
Зулап оқ қырдан, ойдан да.
Арнайы артқан аманат
Барлаушы десант тобымен.
Қаперімде жоқ жаманат,
Жаулардың түстік көгінен.
Партизан достар лаулатып
От жаққан жерді тұспалдап,
Парашютпенен заулатып
Келеміз түсіп қос қолдап.
Аспанда самсар жұлдыздар,
Атылған оқтар одан көп.
Осады бетті түнгі ызғар,
Алай да түлей боран боп.
Кептірген бейне терідей
Ағашқа қаппын ілініп,
Шулайды жаулар бөрідей,
Абалап иттер жүгіріп.
Естідім қалған таянып
Дөңкиген танкі гүрілін.
Дыз етті оң жақ аяғым.
Өлмедім, әйтеу, тірімін.
Сипалап қана байқадым,
Боялдым қанмен, сеземін.
Шығып та кетті айқайым,
Талықсып кетті өзегім.
Жүруге талпынамын-ақ,
Басуым қиын аяқты,
Отыра бердім дамылдап,
Білмеймін қанша қан ақты...
Қалғыған орман, қараңғы
Кімдердің шыққан дабыры?.
Елегзір десант жаралы
Білгенше қалмай сабыры.
Қайнайды ішім қазандай,
Үмітім сөнбей жүрмісің?..
Тым құрса деймін азанда
Достарым тауып үлгерсін.
Құпия бір іс тындырмай
Түсем бе жаудың қолына?..
Сенімнің сағын сындырмай,
Оқтадым наган оғын да.
...Сонан соң есім ауыпты,
Кетіпті көзім жұмылып.
Фашистер іздеп тауыпты,
Жынданып алған шүйіліп.
Таңулы басым. Жатырмын.
Тұр екен фашист дырауың.
Ақырар: – Кімсің? Атың кім?
Төпелеп жатыр сұрауын.
– Сені кім мұнда жұмсаған?
– Атын айт командиріңнің?
– Келдіңдер: мұнда қанша адам?
– Комсомол? Айт тек шыныңды...
– Мақсатың қандай көздеген?
– Қай тұста ракеталарың?
– Құрисың бұрын өзгеден,
Бермесең нақты хабарын...
Үмітің сөндір біржола,
Тұтқында тегіс жақтасың.
Ашамыз ертең айқара
Кремліңнін, қақпасын.
– Атаңның басы, – деймін мен, –
Айтқаның жалған. Сандырақ.
Кешікпей бірге фюрермен
Мойының қалар салбырап!
...Күкірттей жүзі түнеріп,
Жындана фашист ақырар.
Жұдырық жұмсап шіреніп,
Ашуын зәрлі сапырар.
Ашпаймын жақты, тіс жарып,
Зығырым қайнап жатқанмын.
Атуға мені ұйғарып
Әкетті алдында ақ таңның.
Тұрғызып теріс қаратып,
Желкеден атты жендеттер.
Жіберді оқты боратып,
Жалп еттік біздер сол бетте.
Серейдім білем мен-дағы,
Сор қайнап өлген шығармын.
Жалт етті өмір, ел қамы,
О, тағдыр, неге ұйғардың!?
Сенсеңіз, ауыр қорғасын
Ажалға мені қимапты.
Жетелеп үміт жолдасым
Дем бере түскен сияқты.
Қырық жыл қырғын болса да,
Деген ғой өлер ажалды.
Дүреге жықты қаншама,
Азсынып алған жазамды.
Сындырып буындарымды,
Тырнаққа сұқты инесін.
Сеземін тірі халімді,
Тепкілеп қанша илесін.
Сілейте сабап сұрайды,
Ләм-лим қалпым баяғы,
Қол, аяғымды бұрайды,
Құруға, шыным, таядым.
Өлмедім, ырық бермедім,
Елестеп үйім, Отаным.
– Шыныңды айт, – дейді,
Көнбедім...
Тәкаппар тұрды пәк арым.
Бір күні екі қанішер
Шақырып мені оңаша:
«Келді, – дер,– кезің келісер,
Кешесің ғұмыр тамаша».
– Жолама деймін, жоқ! – деймін,
Өлсем де сатпан Отанды!
Ат мейлің, өрте, ас мейлің,
Ашуды мен де қопардым.
– Ендеше, тозақ таңбаны
Ала барғайсың о жаққа, –
Деді де матап байлады,
Етті де душар мазаққа.
Сөйтті де, әкеп балғаны,
Қос қарыс жуан шегені.
Қағып-ақ қолға салғаны,
Шынғырдым. Ләм-лим демедім.
Құлындағы дауысым
Шыққан-ақ шығар құраққа.
Сұрауларына жауыздың
Тіс жарған емен бірақ та.
Алақандардың сыртынан
Бойлады шеге ішіне...
Фашистер күлді мұртынан,
Рақаттанған пішінде.
Қос тыртық алақандарда –
Қаскөйлер салған белгілер,
Қатыгез хайуандарға
Қарғысты айтқан ел білер.
Онымен бітсе жөн дер ем,
Освенцимі тағы бар.
Сірі ме жаным өңгеден,
Онық да жұмбақ мәні бар.
Көктемі жойқын жеңістің
Тозақтан мені құтқарған.
Жауынгер біздің жер үстін
Шаттыққа бөлеп күтті алдан.
...Күрсінді ауыр қарт адам,
Көзіне және жас алып.
Қайғысы бейне тарқаған
Жаңдай бір жайнап, жасарып.
Оқыстан қойған сауалға
Сұрадым мен де кешірім.
Себіліп сәуле жанарға
Дейді қарт:
– Оның несі мін?!
* * *
Шерлінің түске айналып көргендері,
Шертілді таңба салған шермендері.
Бір сәуле жетеледі арай таңға,
Азаптың артта қалып «ербеңдері».
Жанында жатыр қанша әр төбенің?
Фашистер тозақ отқа өртегенін,
Тірідей мұз құрсантқан генералды,
Тозақты ұмыта алмас өркен елім.
Кешегі ар мен азап егесінде
Тұрды әр кез төзімді ердің Елі есінде.
Қас жаудың қажытпады ажалы мен
Қағылған қос қолына шегесі де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу