Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  143


Автор: Мыңбай Рәш

ЖИЫРМА СЕГІЗ

І
Жайқалып жасыл емен, бала қайың,
Жарыса қаптай өскен қарағайың.
Шыршалар қадап өткір кірпіктерін,
Дабылды шерткендей сыр – майдан жайын.
Осында Дубосековоның кәрі, жасы,
Куә боп, Немидово деревнясы.
Шөп басқан мылқау окоп шығар алдан, –
Шерткендей жиырма сегіз уақиғасын!
Қараша тұрды ұсынып ызғырығын,
Қылымсып көрсетпейді қыз қылығын.
Бітейді кұлағыңды еміс-еміс
Жарылған бомбалардан бір бұзық үн.
Күндей боп артиллерия күркіреген,
Зеңбірек зәрін төгіп зіркіреген.
Жау танкі тасбақадай тырбаңдайды,
Тыйылып «көк жөтелі» күркілдеген.
Фашистер Москваға аран ашып,
Жолына Волоколам қарады ашық.
– Қайт кейін, хайуандар! Жол жоқ,– деп еш!
Тұрды ерлер ашу-кегі араласып.
Дубосеково! Панфилов! Жиырма сегіз!..
Шежіре боп қалған осы сөздер егіз.
Менің де дастанымның арқауы бұл
Ой қозғап, жан тебірентіп, болған негіз...
– Разъезді... жаулар қанша жабылса да,
Бермеңдер! Жер мен көктен сабылса да.
Төрт сағат! Бөгеу қажет қалай-дағы
Төрт сағат! Шыда достар нағылса да... –
Бұйрығы жоғары бас колбасшының –
Осылай!...
Төрт сағаттай болмас тыным!
Жиырма сегіз жауынгер кеудесімен
Қарсы алды келген жаудың болжап сырын!
II
Сарғайып сансыз жапырақ,
Қоңыр күз түскен кез еді.
Бұталар желден қалтырап,
Суықты келер сезеді.
Разъезд иек астында,
Өтеді жиі поездар.
Тиіп тұр, таяу Москва,
Хабардан суық – бой мұздар.
Фашистер таяп қалыпты! –
Деген сөз қарып жүректі.
Бірлікке баулып бар ұлты,
Түргізер қату білекті.
Бір апта бұрын осыдан
Василий серіктерімен
Деревнядағы досына
Қонақта болған түнімен.
Василий, адас екенбіз, –
Деген-ді колхоз ұстасы, –
Әрине бөлек мекеніміз,
Ұмыта көрме қысқасы!..
– Ыстықтай сүтті ішіңдер,
Картоптан алып қойыңдар!
Ізіне бекем түсіңдер,
Жексұрын жауды жойыңдар!
Василий ұста әжімі
Қалыңдап бейне кеткендей.
Жүзінен есер қажыры
Өңменінен жаудың өткендей.
Түйіліп қатты жұдырык,
«Әттең!»... деп барып басылды.
Жанары саққа жүгіріп,
Тыйылар емес ашуы.
Отырды ұзақ иіскеп
Шалғайдың апорт алмасын.
Көзіне бау-бақ елестеп,
Жүректе кегі қорғасын.
– Алматының әйгілі
Алыңыздаршы алмасын!
Өзге де жетер байлығын,
Жеңістен қайтып барғасын.
Көрерсіз әлі-ақ көзбенен,
Алатауды да ғажайып.
Арман да көп қой көздеген
Жеңіске! – деп тост алайық!
Қымсынба, Зина, Маруся
Алыңдар елдің алмасын.
Жүздеріне ұқсас қарасаң,
Дәмі бал, риза боласың.
Қайғының бұлтын ысырып,
Беу, қыздар әнге бастаңдар.
Зәресін жаудың ұшырып,
Әннен де айбат тастаңдар! –
Деп қойды Вася әзілмен, –
– Қасакы жауды жайратып,
Оралар шаққа әзірлен,
Гармоньды соза сайратып!
Рота жауынгерімен
Өздерің көңіл қосыңдар.
Күтіңдер бізді сеніммен,
Келгенше бізді тосыңдар!
– Василий, тым-ақ асығып,
Үйленіп қойған екенсің, –
Әзілдер Вася ашылып, –
Қиылып па еді некең шын?
...Әзіл де, ән де өрілген,
Жексенбіні ойға ап кешегі.
Окопта суық керілген
Политрук ойлы. Кеш еді.
Үстінде шолақ тоны бар,
Жарасты текше мұрты да.
– Бүгін түн абай болыңдар,
Көнбеңдер жаудың ырқына! –
Деп қойды басшы генерал,
Картаға төне шүйіліп.
Жасайды болжам, сан амал
Қабағы қату түйіліп...
III
Қарлы таң атты сібірлеп,
Тұрды жау сеніп күшіне.
– Төрт сағат! – деді күбірлеп,
Политрук ойлы пішінде.
Төрт сағат! – Артық айдан да,
Шықсақ біз өтеп парызды,
Минут та қанды майданда
Бағасы бөлек тәрізді.
Шыдап бақ, достар басталмақ
Сәлден соң жойқын жағалас.
Жайымыз жоқ еш жасқанбақ,
Жолату жауды жарамас!
Сабыр ет, достар, фашистің
Келеді танкі сап түзеп.
Қаруын қамда атыстың,
Қажет-ақ дәлдік, сақ күзет!
– Артымда тұрса Москвам,
Шегінудің мен не екенін
Білмеймін! Жауды еш бастырман,
Россия ұлы мекенім!
Қамалдай кұрыш – іргеміз,
Соқ жауды! – деді Клочков.
Деген сөз: «біздер біргеміз!» –
Ұрпаққа қалды мирас боп.
Жиырма сегіз қолдаса,
Тіресті елу танкпен!
Жаулардың ойы – далбаса,
Айқасты нағыз алыппен!
Қаһарға қарсы тұра алмай
Фашистің темір сауыты.
Дубосековоға кіре алмай,
Қаңқасы жерді қауыпты.
Жиырма сегіз! – қалқандай
Жолына жаудың құрылған.
Танкіні талай талқандай
Таймады бір де тұғырдан.
Жиырма сегіз! – Бауырмал
Ұрпағы ұлы елінің
Тайсалмай қатал жауыңнан
Жықпады туын елінің!
Жиырма сегіз! Ол – орыс,
Украин, башқұрт, һәм қазақ...
Жиырма сегіз – ар, намыс,
Батырлық дастан – ән ғажап.
Жиырма сегіз – аңыз ол.
Жұдырық тастай түйілген.
Хас батырлар нағыз ол
Ажал боп жауға шүйілген.
Жиырма сегіз! – Құдірет,
Нояндар қайтпай қасарған.
Қас жауға күндей күркіреп,
Жасын боп түскен жас арман.
ІV
Москва! Қанша ғасырдан
Қаскөйлер тісін қайрады.
Желігі барып басылған
Шыққанда мүлдем ойраны.
Сұқтанды саған Карлдар,
Сұқтанды Бонопартың да.
Мазақ боп зытты малғұндар,
Қарауға әл жоқ артына.
Міне, енді адам, жаулары
Бетке ұстап даңғой Фюрерін,
Москваның торып бар маңын,
Жеңуден үзбес күдерін.
Өкшесі жаудың баспайды
Москваның жалғыз тасын да.
Оларға енді бас қайғы
Қасиетті қала қасында.
Жаужүрек жиырма сегіздің
Жүректе мәңгі есімі.
Қасиетті Отан! – дегізген –
Салғанда атой – шешімі!
Қуат ап қанша аттанған
Кремль қабырғасынан.
Ерлер көп аты жатталған
Айбатын ашу асынған!
Төрт сағат! Десе дегендей,
Ене алмай жаулар егесті.
Танктер келген бөгелмей
Жастанып жатты дөңесті.
Жиырма сегіз! Ғаламат
Кегі үшін десіп батырдың,
Фашисті жойып, жаралап,
Сарбаздар жауды жапырды.
* * *
Төрт сағат! Аласапыран
Тұтасып бейне жер мен көк,
Арыстан болып атылған
Қас жаудан алып ерлер кек!
Төрт сағат бейне қас қағым,
Жоғалтып қанша батырды,
Қорғасын бойын басқан мұң,
Жалғыз ер жылап отырды.
Жиырма сегіз дәуірім,
Қайдасың, қайда бауырым?
Артыңда қалған сауыңның.
Білсен, ғой халі ауырын!
Жиырма жеті жан досым,
Жиырма жеті арысым!
Жиырма жеті қандасым,
Жиырма жеті намысым.
Жүрегім менің сендердей
Соқпай-ақ қойса игі еді.
Жалғыз қап неге сенделдім,
Өкініш найза түйреді.
Өздеріңменен мені де
Кетпедіңдер-ау бірге алып.
Жуынып жаудың кегіне
Жайқалар гүл боп ырғалып!
– Жарайсың, Иван Шадрин –
Селт етті ол осынау дыбыстан.
Тірі екенсің ғой, бауырым,
Есен бе, батыр туысқан?!
Папағын алып басынан,
Командир жас ап көзіне
Ерлердің келіп қасына
Қарады толқу сезімде.
Сол күннен бастап тарады
Атағы жиырма сегіздің.
Тартыл күй – кекті, қаралы,
Толқынын шайқа теңіздің!
V
Жау келді жерді қанға бояйтындай,
Келді жау – тапап, қырып, жоятындай.
Сыйса егер жалмауыз жау еңешіне
Жер шарын түгел жұтып қоятындай!
Түбінде Москваның туы құлап,
Шегінді фашист біткен. Жатты сұлап.
Оларға астананың өзі тұрмақ
Титтей де бүйырған жоқ төбе, бұлақ...
Ерлердің ерлігін ел тегіс үндей,
Деген шақ Москваның жеңісіндей.
Жас табыт – Жиырма жеті жатыр қатар
Жерінде өздерінің тері сіңген.
Айрылып адал достар, арыстардан,
Ойға алып от күндерін намыстанған,
Тұр Иван: «Қаза атты «сыбағадан»
Қалайша деп ойлайды қалыс қалғам?!
Мамық боп жатсын табыт-тақтайларың,
Жас ұрпақ сендер жайлы жаттайды әнін.
Аңызын жиырма сегіз жауынгердің
Ұрпақтар еске сақтап, мақтайды әлі!».
Дегендей: хош, достарым, ұйықтаңдар,
Тұр мүлгіп басын иіп биік талдар.
Тәндерін, – жерге, өлмес рухың – бізге,
Сендерсің ататұғын ерлік таңдар!
Бір кезгі сертін бұзбай қыздар күткен,
Қартайып, жүздеріне ызғар біткен.
Жас шағын зиратқа кеп елестетті,
Гүл қойып алыптарға түз-дәм біткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу