Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  106


Автор: Мыңбай Рәш

ШУАҚТЫ ШЕРУ

I
Жалғыз-ақ рет емес пе
Жасайтын пенде өмір де.
Кетпейтін естен белес те
Жатталып қалар көңілде.
Жалғыз-ақ рет тағдыр да
Бұйыртар ғажап бар-ау сәт.
Қырық жыл өткен дабырға
Қараймын ойлы мен аңсап!
Оқушым, еске түсіргей,
Сұрапыл сол бір парадты!
Сомдалып соққан мүсіндей
Жаһанға даңқын таратты.
Сол сәтті еске аламын
Еңсесін елдің өсірген.
Қастерлеп тағы қарадым,
Мақтаным, бағым, несібем!
Жаңғырып және шықшы алдан,
Қаһарлы қайран батырлар.
Аңыздай болып тыңдалған
Ойылған таста атың бар.
Қауіптің бұлтын ықтырып,
Сырт жауға сырын бермеген.
Жеңістің туын тіктіріп,
Дабылды даңқы өрлеген.
Ерлер-ай, ерлер аңызды,
Жері үшін қиып жанын да,
Жаусатып келген жауызды,
Жолатпай қойған маңына!
Есімде... Тұрған қар жауып...
Болса да бұлтты аспаны,
Москва түні жап-жарық,
Әндеткен жарқын жастары.
Қағазбен қойған желімдеп
Терезе – көздей шел басқан.
Тұрады диктор мәлімдеп...
Тутасқан соғыс: жер – аспан!
«Юнкерс»– бейне инелік
Қаптайды көктен құзғындай.
Түрі жок қайтар именіп
Келеді ұшып ызыңдай.
Тажалын тастап үлгермей
Құлайды барып орманға.
Басқасы келер кідірмей.
Бықсиды ол да сол маңда!
Театр атты Вахтангов,
«Известия» – газет үйі мен
Шетінесе де, сақталып,
Құлаған кірпіш үйілген.
«Хейнкель» деген аспаннан
Алады жиі-ақ мазаны.
Үрейлі хабар басталған,
Зеңбіректер мойнын созады.
Тастауға ажал бомбасын
Үлгермей қалар шыңғырып.
Көресің жатқан қаңқасын,
Абайсыз алған сындырып.
II
Аспанда сансыз күшіген
Секілді бейне шүйіліп.
Москваның үстінен
Құлдилап төмен құйылып,
Көкке ұшса дейді Кремль,
Қаскөйлер бомба тастайды.
Ресейдің алып жүрегі –
Москва әсте саспайды.
Сақтанған, қару қамданған
Москва мүлде саспайды.
Жүрегі елдің жолданған –
Жігерге жаңа бастайды.
Дүрбелең! – Дабыл, қатерге
Үйреніп кеткен құлақ та.
Қауіпті – үйге, пәтерге!
Осылай... әр күн, әр апта...
Москва бейне жамылып,
Тұрғандай әскер шинелін.
Фашистер тауы шағылып,
Тартады аза күйлерін.
Тағы да фашист таңбалы
«Хейнкель» қаптай ұшады.
Жалп етті! Бықсып жанды, әне,
Гүрс етіп ажал құшады.
Кейбірін атып түсіріп,
Кейбірін соғып «тарандап»
Аспанда еркін көсіліп
Ұшады Виктор амалдап.
Қорғанды Қызыл Алаң да,
Қорғанды үлкен театр.
Әлекедей жау жаланған,
Түрі жоқ оғын тыятын.
Москва – солдат қаласы,
Москва – Ресей жүрегі.
Москва – тірек, панасы,
Москва – тарих, Кремль!
Күндіз-түн балқып болаттар,
«Барлығы – майдан үшін!» – деп,
Таппады тыным заводтар,
Қарулар қаттап ішінде.
Жігіттер кеткен майданға,
Мамандар аз-ақ білгір шын.
Станоктарға байланған
Қария, әйел, бүлдіршін.
Білмейді қажу дегенді,
Уақыт жоқ-ақ шаршауға.
Білмейді мүлде бөгеуді,
Астана тұр деп қоршауда!
Ағат сөз айтылмайтұғын,
Жат еді нақақ кіжіңдеу.
«Майданға!» деген айқын үн,
Есетін әр кім жүзінен.
Көзбен-ақ үнсіз ұғысып,
Қимылдап бірі бәрі үшін,
Талайлар кетті туысып,
Майданның ортақ қамы үшін!
III
Жауларға болған тосқауыл,
Қазулы терең ор жатты.
Фашистер әуре босқа жүр,
Москваға – мүлде жол жоқ-ты.
Москва – бейне, Геркулес,
Оқ өтпес, күймес отыңа.
Қасына қасты келтірмес,
Айналған дүлей дотыңа.
Мәскеудің тұрды түбінде
Жаулардың нағыз жауызы.
Дүрбімен қарар үңіле,
Жалманып тажал ауызы.
«Басшылары Кеңес елінің
Кетіпті қашып Уралға,
Қызыл Армия шеруін
Тоқтатқан енді біржола!»...
«Москва... шеруі үшін» деп
Тіктіріп Фюрер мундирін,
Мыңбай Рәш
121
Киноға жөн деп түсірген...
Көңілді күтіп күндерін.
Қиялдап ғажап банкетті
Москваны алған кештегі,
Бастырып билет, ант етті –
Жеңем! – деп, сонда бөскені...
Ойлады даңғой болар деп,
Париж бен Амстердамдай.
Брюссельдей бүріп алам деп,
Маршпен кіріп алданбай.
Ленинград, Волоколамның,
Тас жолдарымен тайраңдап,
Қаптамақ Қызыл Алаңға,
«Хайль» деп кіріп сайраңдап!
Кеңірдек созып Фюрер де:
«Жетер деп қару-жарағым,
Кіремін барып Кремльге
Өткізем Рейх парадын!» –
Қаптатты ауыр танкісін,
Әскерін жаяу төкті кеп.
Аямай салды бар күшін
Кеудесі асқақ көк тіреп.
...Күндіз де, түн де қиямет
Қағылар қатер дабылы.
Қорғанар пана ұя деп
Метроға жұрттар ағылды.
Вестибюль толы адамдар
Қорғанған қауіп-қатерден.
Ақ шашты ана, балалар,
Көздерден кекті от өрген.
Топжарған
122
Жалғасып жойқын жағалас,
Жерде де, заңғар аспанда
Әр көше, әр үй, әр ағаш,
Қорғанды алып астана.
«Жуырда... Қызыл Алаңда
Бола алмас бір де мереке!» –
Деген де хабар тарауда
Кейбірі етіп келеке.
IV
Төзімге халқым шыңдаған,
Салтанат сәтін қолбасшы
Ұйғарды Адам мыңдаған
Метроға жедел жиналды.
Қазанның ұлы Жеңісті
Жиырма төрт жылдық мүшелін
Тойлаймыз бүгін жемісті,
Бірлікте – біздің күші елдің!
Москваны жауға қашан да
Берген жоқ едік, бермейміз!
Баса алмас фашист еш алға
Белдессе – белдес! – Кел! – дейміз –
Метро трибунасынан
Осы еді сөздер өрбіген.
Көздердің кекті жасынан
Талайдың жанын тербеген.
...Москва үшін арпалыс
Аспанда, қала, орманда,
Қалған жер жоқ-ау қалтарыс,
Беймаза – майдан бар маңда.
– Жауларға жүрер жол жоқ, – деп
Таяу ғой, таяу Москва! –
Панфиловшыл ер Клочков
Жауды алды оқтың астына.
Бүркіттей көктен құйылып,
Өр ұшқыш – Талалихин де,
Қаусатты жауды шүйіліп,
Айқаса кеткен бетінде.
Танылған түннің тұйғыны
Ауызда аңыз болған ер,
Сынса да сұңқар құйрығы
Амалдап аман қонған ер.
Түні де болған күндіздей
Сәулелер ойнап, қақ жарып,
Тұрды ерлер көзін ілгізбей,
Москва көгі жап-жарық!
Зенитші тағат таппайды,
Оқ бүркіп көкке зіркілдеп.
Гүрс етіп бықсып жатқаны,
Кресті қанат біртіндеп.
Бородиноның маңында
Бауыржан менен Мәліктер
Шабуыл жасау қамында,
Өртелді талай танктер.
Москва үшін – Сібір мен
Эшелон келді шығыстан.
Күндіз-түн... құлақ түрілген
Астана халін ұғысқан.
Москва – Қаһар құрсанған
Қайраты мығым, хас қамал!
Ол – жойқын жігер жұмсалған!
Жасайды жаулар босқа амал!
Москва!–халық сенімі,
Ресейдің алып жүрегі
Москва! – десер ел үні –
Төрінде – асқақ Кремль!
Мәскеуді қорғап сақтаймыз,
Қалғанша қасық қанымыз!
Москва! – деп алға аттаймыз! –
Шыққанша шыбын жанымыз! –
Осылай – жүрек лүпілі,
Осылай – көптің қалауы.
Жеңіске үндеп күн-түні
Желбіреп көкте жалауы.
V
Қолбасшы үнін тыңдады ел
Аласапыран кезінде.
Қайратын қайтпас шыңдады ел
Отаншыл асқақ сезімде.
Сталин сөзін – тыңдады ел
Қатерлі шақтың өзінде.
Мәскеуге жәрдем жолдады ел
Буынып берік төзімге.
Жолдады әскер кисін деп
Шолақ тон, байпақ, қолғапты.
Қамқорын елдің білсін деп
Қуантар қыста солдатты.
Заводтың цехы айналды
Әскери бейне штабқа,
Көп көзі сонда байланды,
Ар-намыс түскен сын шақта.
«Сақтықта қорлық жоқ» деген,
Жарылғыш қапшық қасында,
Заводтан ешкім кетпеген
Станоктардың басында.
Айқасу қажет болса егер,
Аттанбақ – цехтан шыға сап.
Тынбайды бірі қол шебер,
Қатыгез қатер туған шақ.
– Мәжіліс өтті дегенше
Болатын шығар парад та.
Фашистер біраз бөгелсе...
Жүгіртіп неше сарапқа.
Күтеді көңіл шіркіндер
Тағатсыз таңның атуын.
Зеңбірек тағы зіркілдер,
Тревога!.. деген қату үн.
Естілді тағы құлаққа,
Метро – орны қорғаныс.
Парадты күткен бірақ та
Басылар емес ар-намыс!
Басылар емес мейрамға
Үйренген жүрек дүрсілі.
Келгенде көңіл байламға
Сағынып салют гүрсілін.
Саяси бюро мүшесі
Болғандар ерек сезеді:
Ұлы Отан үшін үш есе
Тер теккен сол бір кез еді.
Тым-тырыс Қызыл алаң да
Хабарсыз әлі парадтан.
Таң ата ғана хабарды
Өкілдер бірден таратқан.
Ғайыптан келіп түскендей
Аяқты ширақ алысып,
Кеуделер шалқақ, күш керней
Кеудеге қару жабысып.
Келеді біздің солдаттар
Қасқая Қызыл Алаңда.
Парадта – намыс – мандаттар
Паш етіп күшін заманға!
Ойнақтап мінген боз атты
Буденный маршал шыға кеп,
Қабылдап алды парадты
Армия тұрды: «Ура!» – деп...
Армия тұрды «Ура!»-лап
Басталды әскер парады.
Таңданды әлем! Бар алап!
Ғажайып хабар тарады!
VI
Тік тұрып төбе шашы да,
Жұлып жеп екі иығын.
Гитлер кетті шошына
Айнадан көріп сиығын.
Ашуын алған тырнадан –
Құтырған иттей қабаған.
Гитлер бетін тырнаған,
Сасқаннан санын сабаған.
Сезді ме ол осы парадта
Болашақ жеңіс жатқанын?!
Сайтанын салып сарапқа,
Тағы да құрды қақпанын.
...Жасасын халық қаһарман –
Ұраны қалқып аспанда.
Қашаннан батыр атанған
Өткізді парад бас қала!
Спасск мұнарасы мен
Шатырға биік шығып ап,
Қарады ел көңіл қошымен
Қуаныш жасын сығып ап!
Достары тұрмақ, қайран қап,
Ер елдің – жат көз қасы да:
«Қызылдар жатыр сайрандап
Жолатпай жауды қасына!
Өткізіп Қызыл Алаңда
Салтанат – шеру парадын,
Аттанып жатыр майданға
Кезеніп қару-жарағын!».
Хабарлап эфир, газеттен
Сескенген суық сұсынан.
Кешікпей сәл-ақ мезетте
Москваның қуып тұсынан.
Қаһарман Қызыл Армия
Күйретті жаудың жасағын.
Астана үшін жан қия,
Жеңіске басқыш жасады!
Салтанат көп қой сәттері
Қаһарын қайтпас таратқан.
Бұл парад – тарих беттері...
Айрықша өзге парадтан!
* * *
Москва үшін шайқаста
Бауыржан даңқы өрледі.
Ата-бабаға ой тастап,
Намысын қазақ бермеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу