👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  159


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Жарықтық абай салған жолға түстім...

Жарықтық Абай салған жолға түстім,
Қашсам да тұтқын болып қолға түстім.
Өзімнен өзім безіп құтыла алмай,
Ой деген ормандағы торға түстім.
Ештеңе жырдан басқа керек етпей,
Балқимын бір ләззатқа кереметтей.
Өлеңнің жарығына өртенсем де,
Айналдым соны жынды көбелектей.
Өлеңмен жөргегімді жуғанмын мен,
Өлеңмен қиялымды қуғанмын мен.
Анамның құрсағынан бөлінгенде,
Іңгәлап, өлең болып туғанмын мен.
Сонан соң бесік жырын тыңдағанмын,
Тілімді құсқа айналып шыңдағанмын.
Дауысым шарлап кетіп шартарапты,
Мазасын алып келем бұл ғаламның.
Кеудеме қайдан қондың, өлең, өлең!
Байқасам тұрады екен сенен әлем.
Айналам бірде әппақ жұлдыз қарға,
Бұлттардың қанатынан себелеген.
Қара өлең, жазылыпсың маңдайыма,
Жабыстым ескен желдің шалғайына.
Айналдым бірде мөлдір күміс шыққа,
Таңда қонған жапырақ таңдайына.


Жыр төктім қыз біткеннің гөзалына,
Қанбадым Құс жолының ғажабына.
Хош иіс өлең болып енді бірде
Айналдым раушан гүлдің тозаңына.
Әйтеуір жетегінде алып күштің,
Жұлдыз боп қара түнді жанып, құштым.
Ал бірде ақ қайыңның көз жасы боп,
Көкорай көк шалғынға ағып түстім.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы