Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  122


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Атақоныс

Бір тау бар біздің елде Берікқара,
Тұрады жақын жерден төніп қана,
Алыстан менмұндалап шақырады,
Дегендей құпиямды келіп қара.
Қызылжал – бір қойнаудан үн қатады,
Қызарып сол бір жалға Күн батады.
Қазақтың қара өлеңін, құлақ тоссаң,
Ескен жел Қараөлеңнен тыңдатады.
Жабырқап біреуді іздеп Жал түрады,
Бір мезет көкірегіңе ән тұнады.
Жазықта Ноха қажыға ас берілген,
Арқаның шертпе күйі тартылады.
Қалады сол жағымда Абыралы,
Аршадан әшекейін тағынады.
Ұқсатсам, сол тауларды киіз үйге,
Ақбиік – ақ орданың шаңырағы.


Жалғызтау оң жағымда қарауытып,
Мәрәмік ұшқан құстан ән ағытып.
Құшағын кеңге жайып Берікқара
Тұрады жылда мені дара күтіп.
Сол бір тау барлық таудан жақын маған,
Өйткені бауырында оның жатыр бабам.
Кеудемде жыр тұтанып, сөз маздайды,
Жанымда от жанады лапылдаған.
Тасиды бойда қаным буырқанып,
Беткейі бетегелі гүлін тағып,
Кеш келсем, кешір, баба, ұрпағыңды,
Басыңды келе алмадым бұрын тауып.
Көкмайса, жасыл кілем көгалы бар,
Желпитін жанға жайлы самалы бар.
Біз келсек, қарсы алады қыран құстар,
Төмендеп, қиқу салып, жоғарылар.
Суы – бал, қайнап шыққан бүлағы бар,
Жерінің шөбі шүйгін, құнары бар.
Сөйлейтін әрбір тасы – бір шежіре,
Іздесең күнді сүйген шынары бар.
Уақыттың дауылын да, жауынын да,
Өткерген Берікқара бауырында.
Өзі жоқ болғанменен, көзіндей боп,
Бабамның жұрты жатыр тау ығында.
Тағып ап Зағи әжем сырғасын да,
Алшаңдап Жақып бабам жүрді осында.
Жарықтық ата-бабам бейітгері,
Қанша жыл бізді күтті қыр басында.


Атамның мекен еткен жерін көріп,
Қойдай боп қалың ойым төгілді өріп.
Ат, түйе асыл жүгін артып алған,
Осында түскен әжем келін болып.
Аттасам, шақырады төріне белес,
Көшеді көз алдымнан керуен елес.
Бұл сапар – бабаларға тағзым ету,
Бұл сапар – біле-білсек, серуен емес.
Аймалап айналаңды самал келіп,
Ақ бұлттан кигізіпті далам бөрік.
Тау едің қасиетті, кие қонған,
Тәу еттім, Берікқара саған келіп.
Тұнығы лайланбаған атамекен,
Атыңды ғұмыр бойы атап өтем.
Аспанда Ай жаяды алақанын –
Бабалар маған берген бата ма екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу