Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  272


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Жер үстел

Ауылдың той-томалақ, мерекесі ең,
Жер үстел сенің жөнің бөлек әсем.
Қатарың сиреп қалды-ау қарттарға ұсап,
Жер үстел – қазағымның берекесі ең.
Жер үстел – несібенің өзі де еді,
Жер үстел – үлкендердің көзі де еді.
Жер шарын алдына алып отырғандай,
Қарттарым шертуші еді шежірені.
Бірінің күй бірін алмастырып,
Бірінің сөзін бірі жалғастырып.
Жағалап дөңгеленген дүниені,
Қарттарым отыратын малдас құрып.
Жер үстел жер шарына жатқан ұқсап,
Қазақи көңіл болып ақтарылсақ,
Үстіне қойылатын қазы-қарта,
Үстіне шашылатын ақ бауырсақ.
Сары май, сықпа құрт та бәрі осында,
Сары қымыз сапырылған дәл осында,
Төгіліп небір қисса, дастандардың,
Сан алуан шырқалатын ән осында.
Тілдестім сенде тұңғыш даналармен,
Білмесем қадіріңді, бағалар ма ем.
Мен де өстім аттап алғаш адымымды,
Ең алғаш жер үстелді жағалаумен.


Ортаймай мол қазынаң, далам гүлден!
Жер үстел көрсем, көзім жанар бірден.
Қазақтың жер үстелі қасиеті,
Онда мың құпия бар бабам білген.
Көрді ол бір уыс дән бөліскенді,
Көрді ол бір жұтым су бөле ішкенді
Дүнием түгелденіп сала берер,
Бір үйден кезіктірсем, жер үстелді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу