Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  102


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Мұзарт

Мұхтар Құл-Мұхаммедке
Аламанында өмірдің,
Озып шыққан тұлпарым,
Сала құлаш қанатын
Жазып шыққан сұңқарым.
Тарихқа жүйрік еренім,
Тұңғиық түпсіз тереңім.
Ойымен, парасатымен
Шығандап ұшқан шырқауым.
Шешенсөз болған жөргегің,
Көсемсөз болған өргенің,
Шығыстан шыққан шынарым,
Семейден шыққан сергегім.
Алматының елемей,
Жауыны мен бұршағын.
Астананың елемей,
Бораны мен бұрқағын.
Ұлттық намыс дегенде,
Түу биікке шырқадың.
Атуына күш салдың,
Қазағымның нұр таңын.
Естіп өскен Күн жырын,
Тыңдап өскен Бұлт әнін,
Қазақта Тау көп емес,
Өзіңсің асқақ бір Тауым.
Көкейден шыққан бұл шыным –
Өзіңсің Мұзарт бір Шыңым.


Көсіле сөйлеп тоқтаттың,
Шешіле сөйлеп тоқтаттың,
Уақыттың бір сәт ұршығын.
Естіп-ап сенің сөзіңнен
Заманның жүрек дүрсілін,
Қанша гүл, жарды, қауызын,
Қаншама ағаш бүршігін.
Жауға салса, беренім,
Дауға салса, еренім,
Тілге салса, алмасым,
Алдаспаным сен едің.
Орда бұзған отызда,
Қамал алған қырықта,
Жайқалған жасыл желегің,
Елуге келген Кемелім.
Тарбағатай, Алтайдың,
Еміп өстің емшегін.
Хан Тәңірі, Мұзтаудың
Көріп өстің сеңсеңін.
Ұлы Абайдың ойымен,
Дүниені өлшедің.
Әуезовтің жолымен
Сілтедің сөздің семсерін.
Қапсағай бітім тұлғалым,
Еңсегей бойлы еңселім.
Атадан қалған мұраның,
Сөнбестей жақтың шырағын.
Күлтегін мен Тоныкөк,
Білге қаған ұлы ағын,
Елімнен тапты тұрағын.


Бейбарыстың көрдің шуағын,
Фарабидің аштың бұлағын.
Жаңғырттың қайта мәңгілік
Қазақтың інжу мың күйін,
Қазақтың маржан мың әнін.
Қайтарып халық тұмарын,
Қандырдың елдің құмарын.
Мың-миллион қазақтан,
Жеке де дара шыққаным.
Елбасының қасында
Әр қадамыңды нықтадың.
Сөзіңді іспен шегелеп,
Тұғырыңды мықтадың.
Зиялы қауым біледі
Бойыңда бақ пен құт барын.
Жұлдызың жансын жоғары,
Айбынды ағам Мұхтарым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу