Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  98


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Ғұлама

Академик З.Қабдолов рухына
Естелік айтып Мұхаңмен жүрген жаз күннен,
Еңкейіп кіріп, шалқайып шықтың КазГУ-ден.
Тойларыңда, аға, шаттанып өлең оқушы ем,
Бүгінгі жырды қайғырып тұрып жаздым мен.
Бейнеңіз қалды күлімдеп күндей тұратын,
Ғаламат жансыз ғасырда бір-ақ туатын.
Қайталанбайтын шешен сөзіңмен таныттың,
Алты алашымның арманын, мақсат, мұратын.
Алатаудай асқақ, Жайықтай тұнық тереңім,
Арқадай дархан, Еділдей ерке еренім.
Тамырыңды жайып, жапырақтарыңды шулатып,
Бұ дүниеден кеттің бе сен де, кемелім!
Кешегі өткен ғұламалардың көзі едің,
Ұлы Ұстаз болса, дәл соның Зеке, өзі едің.
Айдай боп туып, судай боп аққан елімнің,
Алтын да баулы, күміс те зерлі сөзі едің.
Елбасына да бергенсің өзің батаңды.
Шуағыңнан сенің бүкіл ақындар от алды.
Үйретіп кеттің, көрсетіп кеттің біздерге,
Қалайша сүю керек екенін Отанды.


Қадым заманнан өмір мен өлім арбасқан,
Айырылып Сізден, «аһ» ұрдық бүгін марқасқам.
Заманалардың судырлағанда парағы,
Келешек ұрпақ таниды Сізді танбастан.
Асыл сөздегі қартаймас мәңгі, Абызым,
Жылдардан жылға ортаймай жетер аңызым.
Өзіңді жоқтап, домбыра күйі шертіліп,
Ішегін тартып, жылайды өксіп қобызым.
Аспанда бұлттар көз жасын төгіп қалқысын,
Арнаған жансыз бүкіл ғұмырын халқы үшін!
Өзіне-өзі сөзінен күмбез тұрғызған,
Қыраным едің естілер даусың шың-құздан.
Арыстаным ең, данышпаным ең, еңсем ең,
Биіктігіңді ел парасатыңмен өлшеген.
Кітаптарың мен шәкірттерің барда, ел барда,
Өлмейтініңе, өшпейтініңе мен сенем.
Рухыңыз тұрар КазГУ-дің мәңгі төрінде,
Жүресіз шарлап қазақтың байтақ жерінде.
Ұлы Әуезовтің әуезді үнін сағынып,
Кеткендейсіз Сіз Мұқаңа барып келуге...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу