Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  84


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Маңмаңгер

Бауыржан Үсеновтің рухына бағыштаймын



Дос едік құлын-тайдай шұрқырасқан…
Көңілді енді қайғы бұлты басқан.
Басында қабіріңнің мен жыладым,
Көзінің тұрды жасын сүртіп аспан.
Тізесін кім бүкпеген қайғы алдында,
Арулап Жер-бесікке қойды аулыңда.
Томпиған жас қабірің қозғалмайды
Шынымен топыраққа айналдың ба?!


Есінен шығармайтын елі мәңгі,
Шырқатып салатынсың небір әнді.
Қазақтың жәудір көзді ботасы едің
Қара жер қалай ғана сені де алды?!
Сал да едің, туа біткен сері де едің,
Еліңнің еркелеген елігі едің.
Жадымда жаңғырығып қоңыр даусың
Қоңырқай күй кешемін, егілемін.
Атыңды қойған жұртың шын ырымдап,
Ақын ең халық үшін жыры қымбат.
Кемсеңдеп қара нардай әкең қалды
Аңырап анаң қалды «құлынымдап!!!»
Бұлақтай буырқанған бұл жыр-ән,
Достардың кетпей қойды құлағынан.
Зар жылап, қойнына алып қос ұлыңды,
Айырылып жарың қалды сыңарынан.
«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда…»
Шығанға шырқап салған әнің қайда.
Қоңыр үн, өмір өлең жүрген жері
Сендей дос енді бізге табу қайда.
Соңыңда шумақ-шумақ өлең қалды,
Өмірде өзің сүйген әлем қалды.
Қайғыны жыртыс етіп жыртып беріп,
Сұм ажал шыбын-жанды сенен де алды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу