Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  90


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Ақ тілек

Несіпбек Айтұлына
Өлең болды құндағың,
Өлең болды бесігің,
Аштың,аға, өмірдің
Өлең болып есігін.
Қадам бастың жыр болып,
Амандастың жыр болып,
Кітаптарға айналдың,
Таусылмайтын сыр болып.


Жауһар болды сүзгенің,
Асыл сөзден тізгенің,
Несіпбек боп қарсы алдың
Алматының күздерін.
...Қайран да біздің бабалар!
Қасқайған өңкей қара нар.
Қара өленді төгілткен,
Қарсы келген дүшпанның
Қабырғасын сегілткен.
Шөже менен Кемпірбай,
Балта менен Орынбай,
Жанақ пенен Түбектің,
Жолын жалғап, жыр еттің.
Шыңғыстауға гүл ектің,
Шұбартауды түлеттің.
Қара өлеңін қазақтың
Желбіреген ту еттің,
Мөлдіреген су еттің.
Елге лүпілін жеткіздің
Елжірген жүректің.
Жігеріңді жаныдың,
Естіп “Қобыз сарынын”,
Бабатайүлы Дулат пен
Ақтанберді Сарыұлын
Күлдір-күлдір кісінеген
Күреңінен таныдың.
Еске салдың Науайды,
“Ескендірдің қорғанын”.
Пір санадың Абайды,
Мың аунатып аруағын.


Кидің шабыт көйлегін,
Шыңырау ойға шым баттың.
Абыз болып сөйледің,
Мүхтар болып тіл қаттың.
Шақпақтыда шам жағып,
Шәкәрімді іздедің,
Шәкірт ойдың шідерін
Шәкер болып үзгенің,
Елдің, жердің тағдырын,
Сөзбен өріп барлығын.
Бал-бұл жанған өлең боп
Төрде отырсың дәл бүгін.
Ту сыртыңнан жебейді,
Қолтығыңнан демейді,
Аруақтар ерте озған
Ағаларың қасыңда,
Төлеубек те осында,
Төлеуғали осында,
Төлеужан да осында,
Ұшып келді ән болып,
Жәнібектей досың да.
Ақ тілектің жүйелі,
Ағытылды тиегі.
Бір сілкінді Семейдің
Топырағы киелі.
Қарт Шыңғыстың алыстан
Кемсеңдейді иегі.
Ертісіңнен ескен жел
Еркелеп кеп сүйеді.


Тарбағатай, өр Алтай,
Шұнай тауы, шың-қүзды,
Жүрекадыр, Құндызды,
Арқат, Орда, Дегелең,
Көкке ұшырды көп өлең.
Бидайық пен Бақанас,
Таңат, Қайнар, Алғабас,
Көкпектіде Толағай,
Аякөз, Бесқарағай,
Қарашоқы, Ақшоқы,
Қасқабұлақ, Қарауыл,
Сәлем айтты бар ауыл.
Айтұлының айтулы ақын екенін,
Айтпай жүрсек, кеш, аға!
Өлең тойы, жыр тойы,
Құтты болсын, Несаға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу