Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  248


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Нар аға

Тұрсынбек Кәкішұлына



Енгізген ойын сыналап,
Бір өзі – бір мұрағат.
Баспасөзімнің тарихын,
Мектебіңді аштық танитын.
Ішінен көне қатпардың,
«Садақты» тауып ақтардың.
Бейімбетті зерттеп расында,
Сәбиттің жүрдің қасында.
Тайсалмай төктің теріңді
Алаштың сырын ашуға.
Сәкеннің жырын самғаттың,
Аруағын ердің аунаттың.
Алтыннан қымбат сөз жаздың,
Алтындыда туған ардақтым!
Сын болған дедің қазақта,
Өткізбей, зерттеп, бекер күн,
Әдеби сыннан от өрдің.
«Сын сапарына» шықтың да,
«Оңаша отау» көтердің.
Қарыздар қазақ сыны оған,
Емендей сынбай, шыдаған.
Бұлтты күн де өтті басыңнан,
Бұландыда өскен бұла ағам.


Еңбекқор, өткір, өр адам,
Қашанда дайын төр оған.
Ұлтыңның сөзін сөйледің,
Бөріліде туған бөрі ағам.
Қазаннан, Уфа, Мәскеуден,
Троицкіден, Ташкеннен
Қазақтың тауып іздерін,
Қазақтың сөзін іздедің.
Ұлтыңның ұлы желісін,
Алтын арқауын үзбедің.
Мұқаң менен Сәбеңнен
Әбділда мен Ғабеңнен,
Сүйсіне берген бата алдың.
«Тұрсекең – Ғалым» атандың.
Сенімін елдің ақтадың
Кітап боп шықты тапқаның.
Жұртыңның мұңын мұңдадың,
Ұлтыңның жоғын жоқтадың.
Сәкеннің асыл арманын
Жүрегіңде аға, сақтадың.
Соныңмен бізге қымбатсың.
Сол ойға халқың шым батсын.
Сексенге толған тойыңда,
Лебізін елің тыңдатсын.
Жаралар көшіп санадан,
Самал боп есіп даладан.
Арқаңа шапан жамылып,
Арғымақтарды міне бер,
Арқалап алғыс жүре бер,
Арқада туған Нар ағам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу