Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  79


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Күн нұрынан ой өрген...

Қадыр Мырзалиевке



Ақша бұлттай сезімі Алатауға бас ұрған,
«Ақ отаудың» түндігі құс жолына ашылған,
Күн нұрынан ой өрген, ай нұрына шомылған,
Ақын жаны – түнгі аспан, жұлдыз – жыры шашылған.
«Бұлбұл бағы» сайраған, «Ой орманы» шулаған,
Көкірегі көк теңіз, толқындары тулаған.
Қызғалдағы қыр кезіп, жайнап «Дала дидары»,
«Домбырасы» күй шертіп, «Жер ұйығын» жырлаған.
Сұлулардың қылығын, арулардың бұрымын,
Арқау еткен жырына қырандардың тұғырын.
«Қорамсаққа» қол салып, тартты өмір «Көкпарын»,
Туыстарға сездірген «Алақанның» жылуын.
Алуан түске құбылған сиқыры бар сөзінің,
Егіз еткен ойына мөлдіреген сезімін.
Сәбилерді оятқан, қағып «Күміс қоңырау»,
Қазақтың жыр «Көшінде» керуені бар өзінің.


…Терезесін жанымның қағып түнде әлдекім,
Салып берген жырымен ақ қырау боп өрнегін.
Кім десеңіз сол ақын, кім десеңіз сол шайыр –
Қадір тұтқан бар қазақ, Қадыр ағам ол менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу