Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  129


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

«Аттың басы» немесе Асқар сүлейменовті аңсау

Кездесіп ек Асекеңмен
алғаш рет «Бесінде»
Сосын мөлдір Алматының
көгілдір бір кешінде.
Бір барғанда, әкелік шын
мейірім төгіп түрінен,
Телефонмен сөйлесті ол
Мәскеудегі ұлымен
Тағы бірде «Қаламгерде»
қалқыды оның қиялы
Бізге кофе ішуді де
үйретті сол зиялы.
Қара сөздің сексеуілі
шатыр-шұтыр жанатын,
Аттың басын бұрған шығар
дәл сол үйге сан ақын.
Алматыда жалғыз пәтер
«аттың басы» нөмірлі,
Асекеңнің үйі еді ол,
іздесең тез табатын.
Еркін құс боп ұшып жүрген
кезімізде кіл шебер,


Ол үйдің де дәмін таттық
десек бізге кім сенер.
Кілең өндір талдар едік,
келе жатқан өсіп тік,
Асекеңнен өзгеше бір
әңгімені есіттік.
Өлеңдегі Тәңіріміз –
Ибраһим болса да,
Құнекеңнің ұлылығын
айтушы еді ол тамсана.
Ал ол кезде қажы, сұлтан –
саналатын жау болып,
Кигені үшін айыпталған
үлкен ішік, дәу бөрік,
Биді би деп, ханды хан деп,
ал батырды батыр деп.
Ағытатын әңгімені
жанымызға жақын кеп,
Асекеңнің сол айтқаны –
түгелімен рас екен,
«Үш әріптен» қорықпайтын
бірақ біздің Асекең.
«Жапырақ жүрек жас қайыңнан»
бастап ала жөнеліп
«Мен сені сағынғанда...»
дейтін де нұрға кенеліп.
Мұқағали өлеңдерін жатқа оқитын,
сонан соң,
Отыратын ғажайып бір,
шапағатқа бөленіп.
Қазақ жайлы, азап жайлы
әңгімені бастайтын.
Баппен сөйлеп, Созақ жайлы
әңгімені бастайтын.


Қазір біздер ішіп жүрміз
басқа сусын, өзге су,
Естен бірақ кетпейді екен
Асекеңмен кездесу.
Бекзат еді ол, сұлу аттай
көрінетін текті еді,
Ол шерткенде жүрек қозғар
домбыраның ішектері
Жас перілер дейтін бізді
жыр оқып, қол сермедік
Одан артық атақты біз,
әлі күнге көрмедік.
«Адасқақты» жазды да аға,
тұман түскен бір күні.
Адастырып кетті бізді,
жұмылды да кірпігі.
...Дәл сол үйдің көрдім
бүгін жанға жақын қақпасын,
Таба алмадым, есіктегі
бір кездегі «Ат басын».
Байқатқандай қазақи бір
бекзаттықтың белгісін,
Асекеңнің көзіндей боп
тұрушы еді сол мүсін.
Жүрегімді ток соққандай,
дір-дір етті өн-бойым,
Сең соққандай тамырыма
толқын-толқын толды ойым.
Асекең жоқ. Сөнгеннен соң
осы үйдегі бір алау,
Аттың басы қанат байлап,
ұшып кеткен шығар-ау.


Оның жойқын шабысына
кім бар, кәне, шақ келер.
Асқар десе, көз алдыма
сұлу жүйрік ат келер,
Құсжолында жанған күні
Асекеңнің шырағы,
Құсжолына жеткен шығар
Асекеңнің пырағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу