Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  76


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Елтінжал

Ғабең тойында оқылған өлең


 


Майдақоңыр пүліштей,
Сымға тартқан күмістей,
Сыңғырлаған қоңырау.
Ақ қайыңды ормандай,
Ақша бұлтты армандай,
Тұнып тұрған өмір-ау!
Күн нұрына боянған,
Қаз даусынан оянған,
Неткен дала, жаным-ау!
Жусан иісі аңқыған,
Қайнар бұлақ балқыған,
Неткен ғажап, Тәңір-ау!
Қыз Жібектің нұрындай,
Төлегеннің сырындай,
Баян сұлу көзіндей,
Қозы Көрпеш сөзіндей,
Ақтоқтының назындай,
Ақан сері сазындай.
Көкірегімді кернейді,
Сезімімді тербейді,
Сұлу, сырбаз бір әуен.
Жүрегімді жаулайды,
Жан-дүниемді баурайды,
Кербез, керім ұлы әлем.
Нұрыбайдың көліндей,
Атантайдың жеріндей,
Құлпырады ойлары.


Жасыл шалғын – жасауы,
Гүлден шашу шашады,
Жанбатырдың жайлауы.
Боржабайдың томары,
Қалың ойға шомады,
Ай туғанда алтын жал.
Бір күдерін үзбейді,
Әлдекімді іздейді,
Қыс түскенде Елтінжал.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу