Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  84


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Қоңыр

М О.Әуезовке


 


Ауыздығын арғымақ аттар шайнап,
Жанды менің даламда от қанша әйбат!
Елге бардым, Мұхаңның ізін көрдім,
Қаншама жыл өтсе де жатқан сайрап.
Жатыр ізі Семейдің қаласында,
Сарыарқаның сарыжон даласында.
Ақ шағала ойы жүр Әуезовтің,
Еркін аққан Ертістің жағасында.
Балаң даусы аралап Бөріліні,
Семейтауда жүр оның сері күні,
Шыңғыстаудың Күн болып аспанында
Естіледі Мұхаңның еріп үні.
Талай аңыз айтылған ала-қашпа,
Не көрмеді далиған дала қасқа!
Мұхаң кеткен тірілтіп, кәрі жолды,
Тіл бітіріп кеткен ол қара тасқа.
Қарсы аққан жел Абайдың жырын айтып,
Қарауылдың азайған суы қайтып.
Күшікбайдың асуы түксиеді,
Ғазизаның ғаламға мұңын айтып.
Ақшоқыда тұр Зере әже қосы,
Абай атын суарған өзен осы.
Әйгерімнің әуезді әні сіңген
Әлемге әйгі «Шілікті кезең» осы.


Бір құдірет шығарып таудың есін,
Жаңғыртады өмірдің мәңгі көшін.
Жеткізеді Орданың жартастары,
Абай менен Ерболдың әңгімесін.
Осы дала шертетін шежірең шын,
Жидебайды көненің көзі дерсің.
Күзетшідей өңірді шолып тұрған,
Қарауылтөбе – Құнанбай қажы дерсің.
Еске салып өткеннің есімін кей,
Қыстауларда жанады от өшірілмей.
Еңлік пенен Кебектің үйтасы тұр,
Махаббаттың мәңгілік бесігіндей.
Ұлы дала куәсі ел тартысының,
Жатыр жанын жасырып сан кісінің.
Түйеөркештен сылдыры естіледі,
Бір кездегі Тоғжанның шолпысының.
Дегелең, Мыржық пенен Шұнай тауы,
Бәрі де Мұхаң болып сыр айтады.
Санаңда сағым қуып жарысады
Бір ойды алмастырып бір ой тағы.
Қына басқан әрбір тас, селдір тоғай,
Ағып жатыр бастаулар мөлдір талай.
Бәрін кеткен тірілтіп ұлы Мұхаң,
Түн ішінде жартасты жаңғыртады Ай.
Ақ селеуі бас изеп, жусаны аңқып,
Ақша бұлты аспанда қуша қалқып,
Абай әнін шырқайды бүкіл дала.
Сол әуенге жан-дүниең тұрса балқып.


Үйретпеген ұлы Абай күштеп нақыл,
Жылдар бойы жырлары үстепті ақыл.
Сыбырынан Мұхаңның дала оянған
Ойқұдықта қойылып спектакль.
Ақбайталда тас шошып, шың шыңғырып,
Ақиқатты ашуға құлшынды үміт.
Қодар менен Қамқаның атын айтып,
Қарашоқы жеке тұр бір сыр бүгіп.
Кәрі Шыңғыс жанарын жасқа бұлап,
Жақпар тасты баурына басты аңырап...
Бала Мұхтар сан рет бетін шайған,
Ағып жатыр баяғы Қасқабұлақ.
Сонау үйде, Бөрліде, өңі гүлдеп,
«Жаққан отым, өшпейтін өмірім!» – деп,
Дінәсіл әже отырды-ау бір заманда
Алдына алып Мұхтарды «Қоңырым!» – деп.
Ұлы шықты дәл сол бір қоңыр ұлдан
...Танбас халқым Мұхаңа табынудан.
Желсіз түнде Айдай боп туды өлеңім
Қара сөздің қағбасын сағынудан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу