Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  116


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Абай жыры

Өткеннен ұрпағына еркін жеткен,
Ғажайып, Абай жыры, көркің неткен!
Естіліп ескі күннен ескен желдей
Түңлігін қазақы үйдің желпілдеткен.
Суындай тас бұлақтың сылдырлаған,
Ну орман жапырағындай сыбдырлаған.
Қырдағы қызғалдақтай шоқтай жанып,
Сайдағы сарғалдақтай сырды ұрлаған.
Бұлт турап алдаспандай жалтылдаған,
Рағиттай жайып айдар, жарқылдаған.
Шынардай тасқа шыққан көкке өрлеген,
Қырандай шың басынан саңқылдаған.
Терең ой түңғиыққа тамыр тарткан,
Ғаламды лағылдайын таңырқатқан.
Жаныңды жадыратқан, жай таптырған,
Мұңайтқан, толғандырған, жабырқатқан.
Басталған әр сөзінен қаншама ағын,
Өмірдің айтып өткен аңсар әнін.
Жеткізіп сұлулықты тілсіз тілмен,
Татырған махаббаттың бал шарабын.
Жеңдірген ақылыңа сезіміңді,
Сай қылған сабырыңа төзіміңді.
Көзіңе сөзбен сурет салып беріп,
Өзіңе түсіндірген әз үніңді.
Тазарып көкірегің, жаның елткен,
Ойлантқан саналыны соңына ерткен.


Арасын Аспан, Жердің сөзбен қосып,
Абайдай қара өлеңнің Тәңірі өткен.
Жылатқан, шер тарқатқан, сыр ағытқан,
Құтылған асау көңілің бұғалықтан.
Қызартып, күн батыртып көз алдыңда,
Біресе таң атырған қылаңытқан.
Күз болып нұр себелеп тұманытқан,
Құс болып терезеңде қырауытқан.
Көктем боп гүл аңқытып, көкке аунатып,
Жарықтық жаз да болып жыр ағытқан.
Жел болып тезге салған өтіне бірде,
Көл болып жан толқытқан көкірегіңде.
Түн болып құс жолында нұрға бөлеп,
Күн болып қан ойнатқан от реңінде.
Өлеңі көмкерілген суретпенен,
Бас иіп Ұлы Абайға ғұмыр өткерем.
Шарлайды шартарапты сәуле шашып,
Іші алтын, сырты күміс – құдіретті өлең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу