Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  80


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Қанағат

Замана мынау арқалатса да ала қап,
Құранға адал Түркістандағы жамағат.
Назарыңдағы сатушыда да – қанағат,
Базарындағы алушыда да – қанағат.
Ақ сүтіменен дарытқан ана балаға,
Қанағат құсы ұясын салған санаға.
Көрінбейді ізі жоқтықтың,
Патшалығы бар тоқтықтың,
Киесі де бар, иесі де бар қалада.
Кімнен болсын еститінің дарқан үн,
Мүшесі олар кең пейілді ортаның.
Қанағат! – деп көз іледі әр пенде,
Қанағат! – деп қарсы алады әр таңын.
Бір басында тамы болса – қанағат,
Дастарқанда наны болса – қанағат.
Шөл басатын суы болса – қанағат.
Түнде жанған шамы болса – қанағат.
Мейман келсе, барын салып сыйлаған,
Қуанышы қойынына сыймаған,
Қоштасарда қонағын да қимаған,
Қанағатшыл үлкені де жасы да,
Ынсап сайын берекесін жинаған.
Жаңылыспай бабалардың салтынан,
Құт дарыған, шаруасы шалқыған.
Бүкіл қазақ үлгі алуы керек-ақ
Қанағатшыл Түркістанның халқынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу