Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  131


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Ақ қайың

Сергей Есенинге



Шығысшалап айтқанда, шайыр – атың,
Естимісің даусымды, қайың ақын.
Жырыңды оқып сол кезде-ақ, сол заманда-ақ,
Мастанғандар мастықтан айығатын.
Ол кезде де маздайтын күлімдеп Күн,
Жыр оқитын ақын боп күбірлеп Түн.
Талай-талай арудың алма төсін
Қоңыр самал өлеңмен дірілдеттің.
Жайық желі шашыңды қайыратын,
Ғайып болған жоқсың сен, қайың ақын.
Адалдарға нұр төгіп өлеңіңмен,
Арамдарды жырыңның жайы ұратын.
Деген жоқсың ешкімге: «Күштімін – мен!»
Лермонтовпен тілдесіп, Пушкиніңмен,
Тұтатып ап сөнбейтін жырларыңды,
Жұта бердің өмірді мүштігіңмен.
Жүргендерді елемей данасынып,
Сені іздеймін, Серега, аласұрып.
Қалың қайың ішінен тапқан кезде,
Қарап маған тұрасың баласынып.
Шалқарында шабыттың шағала едім,
Қанатымның қағысын бағады елім.
...Даласында қазақтың бір інің жүр,
Сіңлісіне ғашық боп Шағанәнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу