Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  101


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Қаражал

Жүректе туғанда елге махаббатым,
Бастап ап туған жерге апаратын,
Ауылға бара жатқан жол бойында,
Бір жал бар – Қаражал деп аталатын.
Кеудеңе енгізердей самалы құт,
Ойланып тұрғандай ол қарауытып.
Көз тартар қалың шілік қапталынан,
Сағынған жан-дүниеңдей ән ағытып.


Тұрады қашан барсаң қарауытып,
Қасынан өтеді жол орағытып.
Сол тұстан өтсең болды-ақ, қарсы алдыңнан
Жатады жазық маңдай дала күтіп.
Өзіңде туған ұлың қала кеткен,
Шақырсам оралар ма бала көктем.
Көгершін күндер де ұшып баурайыңнан,
Басыңнан талай-талай заман өткен.
Сен көрдің жарған атом бомбаларын,
Қырларды айдаһар өрт жалмағанын.
Бейнесі секілденіп жата бердің,
Ботасыз боздап қалған аруананың.
Сол апат, алапаттан қалдың аман,
Қайғылы құлағыңда жаңғырады ән.
Көзіңнің жасындай боп домаланып,
Тастарың етегіңе сан құлаған.
Онда да сен Қаражал атанған ең,
Тіршілік заңдылығы қатал деген.
Айналған қазір – бір-бір төмпешікке
Ауылдың шалдары өткен ат арбамен.
Солардың көзін көрдің, өзін көрдің,
Солардай бата берсең сезінгенмін.
Қырық жыл қырғынға да төтеп берген,
Бүгінгі ұрпағына төзімді елдің.
Қаражал, кәрі жалым, не көрмедің,
Өзгермей тұра берші, көнермегін.
Сан рет әрлі-берлі құйындатып,
Балалық шағым өтті сенен менің.


Қаражал – жазда нәрлі, қыста қарлы,
Бауырыңа ап, барған сайын қүш балаңды.
Жүрсем де қай түкпірде, қасиеттім,
Естимін сенен әркез ұшқан әнді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу