Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  107


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Мәскеу таңы

Бастап бір қайталанбас сонатаны,
Сәлден соң бұл қаланың таңы атады.
Уақыттың шетсіз-шексіз мұхитына
Тұншығып түнім батып баратады.
Түн батты, жұлдыз сөнді, Ай қалмады,
Аспанның Ай ғой, шіркін, пайғамбары.
Күтеді Шығыстағы Күннен жарық,
Орыстың мүлгіп тұрған ойлы орманы.
Басылып Құс жолының шаңытқаны,
Оянды тіршіліктің алып таңы.
Келесі түнге дейін қалғып кетті
Мәскеудің қызыл-жасыл жарықтары.
Соғылып шіркеулердің қоңырауы,
Тағы да жалғасады өмір әні.
Айығып бүкіл қала күнәсінен,
Тазарып ақ сәулеге шомылады.
Көрінер таңғы сурет кімге қалай?!
Төгілді төрт тарапқа Күннен арай.
...Адамдар көшелерде топ-тобымен
Асығып бара жатыр түнге қарай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу