Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  90


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Әсемқоңыр

Жанарымнан бояуларың өшпеді,
Беу, ауылдың әсемқоңыр кештері.
Сені тастап кетіп қалдым ертерек
Жүрмін қазір астанада, кеш мені.
Табиғаттан үйреніп ем ән-күйді,
Кеттім тастап құс дауысын сан қилы.
Сан алуан шөптің иісін сағынып,
Енді отырмын, иемденіп жарты үйді.
Кеттім тастап,
Жо-жо-жоқ!
Бәрі бірге менімен,
Жан көрдің бе туған елден жеріген.
Жалғыз жер сол орын алған мәңгілік
Көңілімнің, өмірімнің төрінен.
Шыңғыстауым қабағында қатпар бар,
Қырлар, сайлар, қайырылыстар, қапталдар.
Мені күтіп жүрмісіндер, келер деп,
Көлде жүзген аққу мүсін ақ таңдар.
Беу, даланың әсемқоңыр кештері,
Бояуменен жеті түрлі, жеті үнді,
Айшықтайсың келіп менің бетімді.
Өзім жүрмін қалада, ал жүрегім
Сенде, ауылым, соғып жатқан секілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу