Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  102


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Айдың нұрына түн шомылғанда...

Айдың нұрына түн шомылғанда,
Тыныштық келіп тұнса қырларға.
Тылсым әлемнің құшағына еніп,
Билейді сәуле құм-шағылдарда.
Өзеннің ғажап күйі болады,
Жағаға толқын тиіп ағады.
Бетінен судың шөп-шөп еткізіп,
Нәзік бір сәуле сүйіп алады.
Жұлдыздар көлге жиі қонады,
Ақ таң атқанша үйі болады.
Самал сипаса алақанымен,
Самарқау белдің иі қанады.
Қоға мен қүрақ қауқылдасады,
Жағада тұрып ән тыңдасады.
Көк терек аппақ қайыңды құшып,
Ғашықтардайын мауқын басады.
Қайнайды өмірдің мәңгі бұлағы,
Даланың үні сан құбылады.
Тау шошып оянып байғыз даусынан,
Жақпар тастары жаңғырығады.
Күн сәулесінің көші келсе егер,
Жұлдыздарды үрлеп өшірер. Сөнер.
Тыныштық деген жоқ табиғатта,
Тыныштық деген осы болса егер.
Жаңбыр тынды. Құс келді. Бақ шулады.
Алма ағаштар бантигін тақсын бәрі.
...Қыс-мүсінші қалдырған ескерткіштей –
Алатаудың қасқиған ақ шыңдары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу