Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  873


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Тобылғы

Саясында көде өскен,
Сайға біткен тобылғы.
Желге билеп белестен,
Ойға біткен тобылғы.
Ауылымның көп қырын,
Бұтаң басқан тобылғы.
Хош иісті ақ гүлің
Жұпар шашқан тобылғы.
Күлім қағып ақ әжем,
Күбі ыстаған тобылғы,
Таңғы саумал ауамен,
Тыныстаған тобылғы.
Мөлдір моншақ таң шығын,
Тағып алған тобылғы.
Бабам өрген қамшының
Сабы болған тобылғы.
Көктен жауған жауынға,
Қанып алған тобылғы.
Торқабықтың қолымда
Табы қалған тобылғы.
Қасиетіңді сезем мен,
Шаштың тәтті иіс уыстап.
Ата-бабам ежелден,
Ет сүрлеген, күбі ыстап.


Жүрсең де отқа жағылып,
Табиғаттың сыйысың.
Жүрмін қазір сағынып,
Түтініңнің иісін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу