Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  1390


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Нағашым

Алғаш рет Ертіске шомылдырған, нағашым,
Сөйлегенде, ақ тілек ағылдырған, нағашым.
Арман қуып, ой қуып, Алматыда жүргенде,
Аңқылдаған көңілі сағындырған, нағашым.
Қауыны мен қарбызын кесіп берген, нағашым,
Жалғыз тонын туысқа шешіп берген, нағашым.
Нескен тәтем екеуі несібесі ортаймай,
Немерелер өргізген есік-төрден, нағашым.
Тіл ойғызар мойылын тергізетін, нағашым,
Бүлдіргенін тоғайдың жегізетін, нағашым.
Бау-бақшасын суарып, өзі өсірген көкөніс,
Тәттісін-ай жемістің!– дегізетін, нағашым.
Балық аулап Ертіске ау жатқызған, нағашым.
Шортанын да өзеннің аулатқызған, нағашым,


Таңғажайып табиғат маған өлең жазғызып,
Сұлу жырын өмірдің таңдатқызған, нағашым.
Жалаң аяқ жар кешіп, құм бастырған, нағашым,
Жарқабақтан қаратып, қырды астырған, нағашым.
Қабдолладай ағасын жоқтап өткен, нағашым,
Қиындығын өмірдің аттап өткен, нағашым.
Бейсехандай тұңғышын өркеш еткен, нағашым,
Сәулесін өз алдына еркесі еткен, нағашым.
Қайраты мен Еркінін, Ержаны мен Әсетін,
Қазағымның аймүйіз серкесі еткен, нағашым.
Уақтардың ішінде ірісісің, нағашым,
Тобықтыға күйеудің бірісісің, нағашым.
Бүгінгі той дәл соның дәлеліңдей болып тұр,
Жаралған сіз жандайсыз, туыс үшін, нағашым!


Байлық – адал дастархан, ас емес пе, нағашым,
Туған – туыс, құдалар, дос емес пе, нағашым.
Құтты болсын бүгінгі жасап жатқан Алтын Той,
Бақыт деген мінекей осы емес пе, нағашым!
Жиендердің атынан енді біздер не дейік,
Нұрбай ата шаңырағы, керегесі кеңейіп.
Шалқып жүре беріңіз, алдымызда асқақтап,
Немерелер көбейіп, шөберелер көбейіп.
Ере берсін соңыңнан батырыңыз, нағашым,
Әрбір таңды күлкімен атырыңыз, нағашым.
Нескен тәтем екеуңіз жүзге жетіп қартаймай,
Ортамызда біздердің отырыңыз нағашым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу