Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  118


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Түрікменнің сұлулары

Қызыл көйлек киген қыздар,
Ұзын көйлек киген қыздар,
Күн бетінен сүйген қыздар,
Түрікменнің сұлулары.
Шәйі орамал тартқан қыздар,
Аттамаған салттан қыздар,
Арманға үміт артқан қыздар,
Түрікменнің сұлулары.
Раушан гүлдей өскен қыздар,
Құмдай сусып көшкен қыздар,
Бақыт нұрын кешкен қыздар,
Түрікменнің сұлулары.
Алма беті – ол бір өлең,
Сол беттегі мең бір әлем,
Жүзім көзі мөлдіреген
Түрікменнің сұлулары.
Талшыбықтай мың бұралған,
Аршын төсі мың бір арман.
Шығар ма еді шын құмардан
Түрікменнің сұлулары.
Ұмытпаспын гүл өңіңді,
Ақ сазандай білегіңді,
Өртедің-ау жүрегімді
Түрікменнің сұлулары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу