Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  101


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Саяжайда

Оңаша отау, оқшау күн,
Төңірек түгел көк шалғын.
Бір тұстан көкек шақырды,
Жалғасындай боп жақсы әннің.
Бір сазгер, екі ақынбыз,
Табиғатқа сонша жақынбыз.
Саяжайында Бейбіттің
Салқындап біздер отырмыз.
Сазгер дос жазар әнді де,
Жыр қалар мұнда мәңгіге.
Оқылды өлең маздаған,
Айтылды небір әңгіме.
Аспандап қиял, серпілер,
Ақмамық бұлттар жөңкілер.
Көңілдің құсы құйқылжып,
Өмірдің күйі шертілер.
Мұндайда жаның тынығар,
Ғаламнан жүрек сыр ұғар.
Бейбіттің жазған әні бар,
Ғалымның жазған жыры бар.
Мамырда сезім мамырлап,
Түседі-ау еске сан ырғақ.
Қаланың қаштық шуынан
Даланың емін қабылдап.


Ешкім жоқ мұнда жат санар,
Бетіңнен өбер ақ самал.
Көңілді көктеп өтеді
Жұмбақ бір сезім пәтшағар.
Түсіп бір кетсең сөз – отқа,
Кенелер жаның ғажапқа.
Саяжай шіркін сая ғой,
Ауылды аңсаған қазаққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу