Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  150


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Өскемен

Өскемен сәнді қалам, жасыл қалам,
Өзіңмен жарқырайды асыл далам.
Алтайдың құзды, шыңды, шатқалында
Қаншама құпияң бар ашылмаған.
Төсіңе ырыздығын төгіпті аспан,
Торқаңда бұғы жусап, елік қашқан.
Саянмен Сарыарқамен қол ұстасып,
Көркіңе Алтай тауы көрік қосқан.
Жан-жақтан құйған судан жал құралып,
Іргеңде Ертіс жатыр шалқып ағып.
Қаба,Қалжыр, Күршімнен, Бұқтырмадан,
Нарыннан, Үлбі, Үбіден толқын алып.
Өскемен шығыстағы босағамдай,
Тұлғаңды асыл тастан қашағандай,
Кестесін бір кездері саған келіп,
Менделеев өзіңде жасағандай.
Өскемен кенді қалам, ырысты өңір,
Құйылған пештерінде құрыш темір.
Балқыған қорғасын, мыс, мырыш небір.
Елімнің байлығына байлық қосқан
Сендегі қалайы, алтын, күміс, көмір.
Бір кезде ат, түйемен Көшкен елім,
Металды түрлі-түсті дестеледің.
Соғып тұр сенде ғасыр сом жүрегі
Өскелең ұрпақ өскен Өскеменім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу