Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  190


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Суықтөбе суреттері

Суықтөбе сарыторқа гүлді беткей.
Көз алдымнан суреті тұрды кетпей.
Тау суына шомылған сырғалы қыз,
Құшағыма келсеңші дір-дір етпей.
Жамбыл-Жәкем жүрген жер атқа мініп,
Маңдайымнан сүйеді мақпал үміт
Екі таудың құз бөлген ортасынан,
Түсетіндей көк аспан ақтарылып.
Тау өзені суығы мидан өтер,
Асау Қастек үстіме құйма бекер.
Елеусіз бір үстірттің қойнауынан
Қураған тал сирағы сидаң етер.
Қожыр тастар, қой тастар, арқар тастар.
Найза тастар, нар тастар, қалқан тастар.
Мықты болсаң, аспанға шығып көр деп,
Түз қыраны аршадан арқан тастар.


Күннен шыққан отпенен жанған тастар,
Балбал тастар, обалар, қорған тастар,
Құз басында сырласқан зеңгір көкпен,
Адам қолы жетпейтін арман тастар.
Ентелеген дәу жартас құлайтындай,
Құлатпа, – деп, Құдайдан сұрайтындай.
Суықтөбе не деген жәннат едің,
Саған келсем, қоймайды сыр айтылмай.
Сыр айтылмай, қоймайды жыр айтылмай,
Бұлт жақын кеп көз жасын бұлайтындай
Қына басқан жер тастар алуан түсті
Ғажайып бір мозайка құрайтындай.
Кісі бойы көк шалғын, арналы сай,
Ат тұяғы мөр басқан таңбалы сай.
Биіктіктен басыңды айналдырар,
Төмендемес тәкаппар тау намысы-ай!
Суықтөбе Сүйінбай ізі қалған,
Тау суында барады жүзіп арман.
Сарыжазықтай жайлаудың жүрегінен


Бір сұлу қыз бүлдірген үзіп алған.
Шерттім сонда іштегі күйімді көп,
Ақ қайыңдар алдыма иілді кеп,
Таудан ескен самалдың сәруарынан
Осынау өлең кеудеме құйылды кеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу