Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  198


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Гүлдесте

Әйел-Ана, ұлылық қой, не дейміз,
Өмір бойы қуанышқа бөлейміз,
Бәрімізді құшып тұрған жерді де,
Мейірімді анамызға теңейміз.
Әйел біздің Құдай қосқан жарымыз,
Берекеміз, ұжданымыз, арымыз.
Мәңгілікке аялаумен өтеміз,
Қалғанынша бойда қасық қанымыз.
Әйел біздің шуақ төккен әпкелер,
Жезделердің жүрегіне от берер.
Әйел біздің ашық-жарқын жеңгелер,
Жеңгелерге кім бар екен тең келер.
Әйел біздің қарындастар қаракөз,
Түседі еске балдай тәтті бала кез.
Қарлығаштай қанатымен су сепкен,
Іздеп оны қала кез де, дала кез.
Әйел біздің айдай сұлу арулар.
Алаулау бар, өртену бар,жану бар.
Махаббаттың айықпастай дертіне,
Ару барда, жүрегіңе дәру бар.
Наурыз келсе, жауқазындар жар сала,
Көктем келіп, көктен жаңбыр жауса да,
Бәйшешек боп, қызғалдақ боп бой түзеп,
Келеді өсіп шәкірттерім қаншама!
Есейткенде өмір, уақыт өте кеп,
Қыз өсірдік раушан гүлдей мәпелеп,


Даламызда кеңейеді өрісің,
Қызың тұрса: «Көке, көке, әкелеп».
Келеміз біз бір керуен, бір көште,
Әйел жайлы таусылмас жыр мың кеште,
Барлығын да құттықтаймын мен бүгін,
Өлеңімнен тоқып тұрып гүлдесте.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу