Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  203


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Жеңіс жыры

Тас ескерткіш, тас тұғыр, үн қатады,
Соғыс даусын біздерге тыңдатады.
Таң атады майдангер арманы боп,
Атын оқып олардың Күн батады.
Суға батқан жауынгер қайығындай,
Бірі кетті артына қайырылмай.
Елдің артқан сенімін зая қылмай,
Жауға қарсы атылған жай оғындай.
Қазағым намыс – қамшы тістеп алып,
Кеудесін тосқан зұлым күшке барып.
Самолет боп жарылып енді бірде
Аспанның көз жасындай түскен ағып.
Соғыс! Соғыс! Снаряд жарылысы.
Жеңіс! Жеңіс! Сарбаздар сабылысы.
Ақ кимешек жамылып жарын күткен
Аналардың сарғайған сағынышы.
Соғыс! Соғыс! Тарихтың жазбасы бір.
Жеңіс! Жеңіс! Жалын боп маздашы жыр.
Қырға қарап әкесін күтіп өткен,
Жетім өскен ұрпақтың көз жасы – бұл!


Қанын төкті, өрімдей шағында өлді,
Сағынды олар осынау сағым белді.
Отан үшін өртеніп,отқа түсіп,
Ұлтарақтай жер үшін жанын берді.
Өмір сүрді аталар өте мәнді,
Ажалменен бетпе-бет жеке қалды.
Туған жердің бір уыс топырағы,
Бұйырмастан қаншасы кете барды.
Оққа төсеп тұрса да омырауын,
Солар соққан тірліктің қоңырауын.
Қан майданда үзіліп бара жатып,
«Шаңырағым!» – деді олар; «Шаңырағым!»
...Мерекеде жыр-шашу ақтарылды,
Іздеп табар ұрпағың хаттарыңды.
Талай-талай жас буын жаттайды әлі,
Тасқа ойылып жазылған аттарыңды.
Көңілімді баспайды бұлт-қайғы,
Рухтарың жамандық жуытпайды.
Туған жерді қорғаған батырларын,
Туған елі ешқашан ұмытпайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу