Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  146


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Жаңаөзен жыры

Сайкүлігі көк сабын боп иленіп,
Орқаш өлке, өлең сенбес күйге еніп,
Қызылсайдан іңір асып барады,
Күнсұлудың бұрымына сүйреліп!
Шөл далада шыр- шыр ұшып құс- үміт,
Күрең белдер күрең қабақ ұсынып,
Керуен- ғұмыр ақшам мұңын жұтады,
Жаңаөзенге тоғанағын түсіріп.
Керім кештің керімсал бір сәніне,
Байғыз үні қосылады әрі де...
Қара түнмен қайғы биін билейді ай,
Табылдының әніне!
Күнәһарсың осы кешті ұмытсаң,
Бұл- Жаңаөзен жаратылған құрыштан!
Аздан кейін әупілдектің үніндей,
Мұнайшыға атады бір үміт- таң!..
Қашаған деп аталмаған бекерге,
Аноу жолда содан бері өтерде,
Құдайын да танымайтын жолаушы,
Мұнай іздеп келеді бұл мекенге...


Ал бұл мекен аямайды ырысын,
Қан- теріне айырбастап жұмысын,
Ал өзіне қарсы келсе әлде кім,
Суырады адай сапты қылышын!
Міне осындай бұл Жаңаөзен, ерлеген,
Мұнайшысы халқы үшін терлеген,
Қас дұшпанға қамшысын да бермеген,
Халқы үшін жаулары жоқ жеңбеген!
Жаңаөзен- жаңа өмірдің аралы,
Орқаш өлке- әне соның мадағы!
...Керуен- ғұмыр тоғанағын сүйретіп,
Қызылсайдан іңір асып барады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу