Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  90


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Ес

Кеше ғана аппақ- аппақ қар жауған,
Бүгін қайта жауын ұрды бетімді.
Менің есім ауысты ма деп жүрсем,
Табиғаттың есі ауысқан секілді.
Сүйем дейді сізді ғана бір сұлу,
Жанарда жас, жүрегінде мұң екен.
Еңлік пе деп жүруші едім мен оны,
Есі ауысқан қыз екен.
Әділдіктің әкесі өліп қалыпты,
Қайғырады жоқтау айтып оған кім,
Құрыса да тұқымымен ақиқат,
Жаны ашымас есі ауысқан қоғамның.
Есе соққан есер желдің лебінен,
Тым жағымсыз, ессіздеу сыр ұғамын.
"Біз маймылдан жаратылдық" дейді ғой,
Есі ауысқан мұғалім.
Басы төмен салбыраған көшемен,
Келе жатыр есі ауысқан жас бала.
Ессіздердің есерлігін күлкі етіп,
Есінейді тас қала.


Есі ауысқан елеусіздеу ақынның,
Мынау екен жалғыз ғана арманы.
Елсіз жерде қалса қалсын осы өлең,
Есі ауыспай жатса ғана болғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу