Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  95


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Бақ

Тағы сол сенсіз бақ.
Сандалдым.
Ескі әнін қайталап бақытсыз жандардың.
Суретің серігім,
іздесем табылар,
Сонымен жүздесіп, өзімді алдармын.
Мұңдарды қайтейін,
емделмес желменен,
Күп- күрең мұңлы күз,
не күттің сен менен?!
Күннің де бетінде дағы бар дейді жұрт,
Мен оған сенбегем.
Мейлі сен түсінші,
мейлі сен түсінбе,
Өкпелеп жүре бер, өңімде, түсімде.
Мұңайта алмайды қайтқан құс ғазалы,
Көктемде айналып келері үшін де...
Атыңды айқайлап жүрекке жатталған,
Не үміт күтемін жолданбас хаттардан...
Ей, сорлы жапырақ, жасыңды төкпеші,
Тағдырдай тәлкекті табанға тапталған.


Баяғы сенсіз бақ.
Сонда да ұнаттым,
Жаңа әнін қайталап арман мен мұраттың.
Елесің, серігім, іздемей табылар,
Сонымен сырласып, өзімді жұбаттым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу