Өлеңдер ✍️

  26.09.2022
  254


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Шылым - ғұмыр

Бір шылым тұтатамын...
(Сағыныш менен басқа жеңді кімді?)
Жабығып хабарласам бір досыма-
"Телефон сөндірулі..."
Көк түтін арасынан
Сенделе көлбейді елесі сол қыздың.
Ауаға сіңген аноооу жолақтарӨткен күн ол біздің.
Бір шылым тұтатамын...
Тәтті күндердің құрметі үшін.
Сосын мыжғылап өшіремін, сол қыздың
Басқамен түскен бір суреті үшін!
Бір шылым тұтатамын...
Жүрем де адасқан түтіндер жолымен.
Сосын сол қызға берілмеген хаттарды
Өртеймін шылымның шоғымен.
Қоп- қою түтіндер қалқиды алдымда,
Желменен адасқан тұмандай.
Өшкін із қалдырып жоғалады сосын,
Ауаға ақындар тағатын тұмардай.


Бір шылым тұтатамын...
Болар деп тағдырдың тағы бір үкімі.
Жұлдызға ұшады жүректің шері мен,
Өртелген хаттардың түтіні.
Мен бір күні соңғы шылымды тұтатамын,
Азғырып біткенде қу жалған.
Сол күні аспаннан ағады бір жұлдыз,
Жүректің шері мен түтінге уланған...
Сосын тұтатпаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу