Өлеңдер ✍️

  26.09.2022
  274


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Балалық апама

Балаң жылдар.
Ерке кезім шолжаңдау,
Мақтанушы ем жігітпін деп, бел асам.
Құлыным деп тұлымымнан иіскеп,
Еркелетіп қоятұғын мені апам.
Қанша жерден көрсетсем де көп ерлік,
Барлығы да балалықтың ісі еді.
Есейдім бе деген сайын әйтеуір,
Апам мені еркелете түседі.
Дәл сол күні,
Хабар келді ауылдан.
Ести сала керең болды құлағым.
Дәл сол күні
Жігіт болып алғаш рет қайғырып,
Бала болып ең соңғы рет жыладым.
Дәл сол күні мына өмірді жек көріп,
Тағдыр дейтін талақпен де егестім.
Бірақ, бірақ ақыл айтып, аялап,
Апам құсап жұбатпады мені ешкім.
Алғаш рет нәубет айттым бес күнге,
Бар шаттығым таусылардай ендігі.


Топыраққа апамменен бірлікте
Балалықты жерлеп қайттым сол күні...
Содан бері жігіт санап өзімді,
Әрбір таңым құлшыныспен атады.
Апам сүртіп беретұғын көз жасым,
Бұл күндері жерге сіңіп жатады...
Апа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу