Өлеңдер ✍️

  25.09.2022
  390


Автор: Олжас Сәндібек

Көктем биыл...

Көктем биыл
тым ұзақ кешіккендей,
Содан менің
көңілім қуанбайды.
Мендегі сағынышты
кешіп көрмей,
Ешкім менің күйімді
ұға алмайды.
Қайыңның да бұтағы бүрлемеді,
Тырналарда жоқ əлі тыраулаған.
Сəуір болды,
алма ағаш гүлдемеді,
Ұқсамай тұр
мезгілге жыл аунаған.
Қар ұшады,
бұл аспан жындана ма,
Тəуір болмас деуші еді
Сəуір болмай.
Көктем қашан келеді бұл қалаға,
Сағыныштан
кеудемнің ауырғаны-ай.


Кешіккені несі екен
бұл көктемнің,
Ызғары сезіледі қыстың əлі.
Сені күтіп далада
дірдектедім,
Қашан естіледі екен
құстың əні.
Көктем биыл
тым ұзақ кешіккендей,
Содан менің көңілім қуанбайды.
Мендегі сағынышты
кешіп көрмей,
Ешкім менің
күйімді ұға алмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу