Өлеңдер ✍️

  25.09.2022
  124


Автор: Олжас Сәндібек

Мен өмірге кеше кешке келгенмін...

Мен өмірге кеше кешке келгенмін,
Орталықта,
аялдама түбінде.
Бұған дейін көргендерің сендердің,
Мен емеспін, тек,
ол менің түрімде.
Жердің емес,
перзенті боп ғарыштың,
Кезіп жүрмін аспанды.
Ол сұлумен кеше кешке таныстым,
Демек, кеше
мендік өмір басталды.
Сымбатына сөз жетпейтін көрікті,
Хор қызының өзі дерсің расында.
Ол да өмірге кеше кешке келіпті,
Дəл он жеті жасында.
Маңайынан мені іздеумен өскен қыз,
Маңдайына жазылғанын көрген де.
Біз бақытты бола аламыз дескенбіз,
Уақыты келгенде.
Ол да мені,
мен де оны ұнатып,


Ол да ештеңе,
мен де ештеңе демедім.
Біз бақытты болатұғын уақыт,
Келе жатыр сенемін.
Біз өмірге кеше кешке келгенбіз,
Орталықта,
аялдама түбінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу