Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  293


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Кешкi құрылыста

Сол түнге ой көп таңдай қағып,
Түскен соң көп құбылысқа,
Қайтем деп өткендi ойға алып
Шыққан ем кешкi жұмысқа.
Баққа бiз жоғалтып алған
Бағытты ұмытқым келiп,
Кетсем де,
Мұнартып арман,
Қалмады күдiк күнде ерiп.
Жайсыздық қолқалай бердi –
Керең кеш ұғына алмады.
Ойымды балталайды ендi
Кранның сигналдары.
Еншiден көңiл құр қалған
Сәттерде сабыр – тайғанақ.
Тұрды үнсiз көгiлдiр қорған
Дүбiрге жабырқай қарап.
Көгiлдiр құрсақтан әлi
Дамылдап үй келедi өсiп.
Көңiлдiң сыр сақтағаны –
Кеттi үмiт имене көшiп.
Терiмнен соғылған жақсы үй
Өзiме сағыныш әлi.
Кең көше,
Ағылған такси
Көңiлдi алып ұшады...



1985 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу