Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  89


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Тәркiледi сезiмнiң бәрiн ғұмыр

Ұнатпадым...
Жоқ әлде ұнаттым ба?
Сағынышың сiңбептi, бiрақ, құмға.
Қабағымнан көзiңе түн тамшылап
Қайта-қайта сүрiндiң сұрақ-мұңға.
Жүргiзе алмай жүрекке басқа ұғымды
Түсiнбестiк тұрғызды тас тұғырды.


Жәбiрлеуге кеп пе едiм аш ғұмырды,
Қадiрлеуге жетпедiм жастығыңды.
Құшақта – сен...
Ой деген ұшақта әсем –
Қиялыңның тылсымы қысап бәсең
Бара жатты.
Сен, бiрақ, алданышқа
Үмiтiңнiң үркегiн тұсатпас ең.
Жымысқы түн,
Санамды қалың дүбiр
Жаншып өттi,
Жаулады жанымды iңiр.
Намысымды талатып алданышқа
Тәркiледi сезiмнiң бәрiн ғұмыр.
1996 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу