Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  195


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жас шаңырақ иелерiне тiлек

Жас шаңырақ!
Қабыл алсаң бiр тiлек –
Қалса аңдамай жандарыңда кiр түнеп
Сол пәленi қабақ шытпай сол сәтте-ақ
Алған дұрыс бiр-бiрiңнен сiлкiлеп.
Сендерсiңдер – екi ауылға бiр өткел,
Киелi елдiң бiрлiгi етiп түлеттi ел.
Сыртқа естiлiп ыдыс-аяқ сылдыры
Ауырмасын ақ сүт берген жүректер.
Ренiш түбiн сабыр ғана қозғасын,
Сәби келсе жүйкесi оның тозбасын.
Не сәтте де айырылмауға мәжбүрсiң
Екеуiңдi бiр-бiрiңе жазғасын.
Жеңе алмаса мiнез деген еркенi
Қырсықтының өзiне жау – ертеңi.
Бет жыртыспай кiм сабырға жығылса
Сауап – сонда,
Өрiстейдi ертеңi.
Берсе де Алла үйленуге кеңдiгiн
Жаратпапты екi адамның теңдiгiн.
Үй болудың заңы да ендi –
Сабырмен
Жеңе бiлу бiр-бiрiнiң кемдiгiн.
Бұ дүниеден бiрi кетсе дәм құрып,
Қайта үйлену қиын да емес таң қылып.
Ұрпағын да өгейсiткен жұртынан
Ондайларға тозақ оты – заңдылық.
Шын сүйсе егер дәнеңе емес қалғаны,
Мойытпайды тұрмыстың да салмағы.


Ең бастысы – бiр-бiрiнiң аңдамай
Көзiн алдап адаспаса болғаны.
Сұлулықтан сорлайды адам сорласа,
Берiк болсаң,
Қатерлi емес ол да аса.
Ал, махаббат қорқынышты
Тек сонда –
Бiр-бiрi үшiн қызғанышы болмаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу